
Самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерболат Байбатыров әкімдікте жас мемлекеттік қызметшілермен жүздесті.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Қоғамдық сананы жаңғырту" жобасы аясында өткен басқосуда аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев әлемнің биік шыңын бағындырып, спортта өзінің дара жолын айқын айшықтаған спортшыға жастарға үлгі болып жүрген еңбек жолына табыс тіледі. Жас мемлекеттік қызметшілермен рухани әңгіме өрбіткен басқосуда аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыр бұқаралық спортты дамытудағы жастардың үлесіне тоқталды. Өз кезегінде Ерболат Сағатұлы спортты дамытуда әр адамның үлесі маңызды екендігіне тоқталып, жастарды жағымсыз әдеттерден қорғап, жарқын болашаққа жетелеудің жолдарына тоқталды. Жеңісті сәттерден сыр шерткен чемпион әр жетістіктің еңбекпен келетінін және ең бастысы нақты мақсаттан айнымау қажеттігін алға тартты..