«Құрмет» орденін иеленді

«Құрмет» орденін иеленді

Бәйтеректік белгілі диқан, Абай Қуанышкерейұлы Жанғалиев ауданның өнеркәсіптік секторының дамуына ықпал еткені, инвестицияларды  тартқаны, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді араласып, заманауи озық технологияларды ауыл шаруашылығына енгізгені үшін ҚР Президентінің жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Өмірін ауыл шаруашылығына арнап жүрген жанға Орденді облыста өткен салтанатты шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин табыстады.

Абай Жанғалиев Январцев ауылдық округіне қарасты Чинарев ауылында туып-өскен. 1975-1977 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп келген соң Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтының «Ауыл шаруашылығын механизациялау» факультетіне оқуға түседі. Кейін туған ауылына оралып, Приурал ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас инспекторы, Январцев ауылындағы «Вперед к коммунизму» атындағы колхоздың бас инженері қызметтерін атқарған.

Тәуелсіздік жылдарының басындағы қиын-қыстау жылдары шаруашылықтан қол үзбеген Абай Қуанышкерейұлы «Мирное» өндірістік кооперативінің басшысы болған. 1999 жылы «Заман» ЖШС-н құрып, бүгінге дейін басқарып келеді.

Туған ауылын өркендетуге үлес қосып жүрген меценат өткен жылы ауылға жол салуға сметалық-жобалық құжаттама дайындап берсе, биыл ірі жоба ауылға дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салуды қолға алуда.

 

Түгелбай Бисен