
Жыл басынан бері ауданда 1106 адам ковид жұқтырған. Оның 838-і симптомды болса, 268-і симптомсыз. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының берген мәліметіне сенсек, ауру жұқтырғандардың 326-сы зейнеттегі жандар болса, 12-сі мүгедек, 50-і мұғалім, 41-і медицина қызметкері екен. Одан бөлек, 84 оқушы мен 20 студент бар. Олардың 10-ны 16 жасқа толмағандар көрінеді.
-Қазіргі таңда ауырып жатқандар саны – 290, олардың 227-і үй карантинінде, 63-і аураханада. Жыл басынан бері 804 адам жазылып шықса, 12 адам көз жұмды. Соңғы тәулікте ауданымызда 22 жаңа жағдай тіркелді,-деді ауданның бас санитары Аят Үмбетәлиев.
Оның айтуынша, қаңтар айынан бері санитариялық талаптарды бұзған 9 адамға хаттама толтырылыпты. Оның алтауы түнгі 00:00-ден кейін көшеге шыққандар болса, екеуі дүкенде бетпердесіз қызмет көрсеткендер екен.
Сонымен қатар демалыс күні жұмыс жасаған бір кафеге айып салыныпты.
Аят Миллятұлының сөзіне сенер босақ, індет жұқтырғандардың көбі қалаға жақын орналасқан ауылдарда екен. Мысалы Мичуриннің 143 тұрғыны ауырған болса, переметныйлықтар саны 190, дарияндықтар 164 болып отыр. Қазіргі таңда ауданда covid-19 ауруы шықпаған ауыл да, елді мекен де жоқ. Сол себепті ауданның бас санитары барлық сақтық шараларын қатаң ұстану керектігін айтады.