
Пандемия талаптарына орай шағын құрамда өткен конференцияға аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Ғұмарұлы, аудандық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, қоғамдық келісім кеңесі төрағалары мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатысып, күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты шешім қабылдады. Басқосуда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов сөз алып, ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған мемлекеттік қолдауларға тоқталып, жыл басынан бергі атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.
Ауданда 1961 мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар болса, оның 204 бірінші, 745 адам екінші және 766 үшінші топ мүгедектері. Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламасына сәйкес 160 адам міндетті гигиеналық және сурдотехникалық құралдармен, 37 адам протездік-ортопедиялық құрылғылармен, 12 адам ымдау тілі маманымен қамтамасыз етілсе, жүріп-тұруы қиын 78 адамға жеке көмекші тағайындалған. Сондай-ақ 37 мүмкіндігі шектеулі азаматтар санаториялық-курорттық емделуге жіберілсе, 30 адамға арнай жүріп-тұруға қажетті құралдар берілген. Сондай-ақ биыл пилоттық режимде енгізілген әлеуметтік қызмет порталында мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті гигиеналық құралдардың 24 түрі енгізілсе, оларды мұқтаж азаматтар өздерінің электронды цифрлы қолтаңбалары арқылы рәсімдей алады. Келер жылдан бастап барлық гигиеналық құралдар мен басқа әлеуметтік қызмет түрлері арнайы порталға енгізілетін болады. Күн тәртібіне орай жиналғандар БҚО мүгедектері ерікті қоғамы Бәйтерек ауданы филиалы төрағасын сайлады. Төрағалық қызметке ұсынылған белгілі кәсіпкер, қолөнер шебері Арман Айтпаевтың кандидатурасы бірауыздан мақұлданды. Басқосуда филиалдың төралқа мүшелері сайланып, ережесіне өзгерістер енгізілді.
Жиынға арнайы қатысқан БҚО мүгедектер ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов сөз алып, жаңа төрағаның жұмысына сәттілік тіледі.
Қоғамдық ұйымның жаңа ережесіне сәйкес енді барлық мүшелері өз белсенділіктерін танытып, қалаған жобаларын ұсына алады. Қоғамдық ұйым олардың құқықтарын қорғап, бастамаларын іске асыруға мол мүмкіндік жасамақ.