
Аудан орталығында спорт ардагері, ұзақ жылдар аудан спортның дамуына сүбелі үлес қосқан Марклен Үмбетқалиевті еске алуға арналған волейбол турнирі өтті. Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылған жарысқа Марклен Зейнешұлының замандастары мен шәкірттері және туыстары қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев Марклен Зейнешұлының аудан спортының дамуына көп үлес қосқанын айтып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Ардагер спортшылар бақ сынасқан әуе доп сайысының қорытындысында ауылдық округ әкімдерінің командасы жеңімпаз атанса, екінші орын Железнов ауылдық округінің спортшыларына, үшінші орын зеленыйлық спорт ардагерлерінің командасына бұйырды. Сондай-ақ өз ұжымының жеңісіне үлес қосып, үздік ойын көрсеткен Александр Шаталов «Үздік қорғаушы», Николай Гришин «Үздік тосқауыл қоюшы», Асқар Тасмұқанов «Үздік байланыстырушы», Сергей Наконечный «Үздік» шабуылшы» аталымдарына ие болды.
Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен медальдар табысталды.