
«Бәйтерек таланттары» жастар театры мен халықтық «Шежіре» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблінің бірлесе ұсынған қойылымының алғашқы көрермендері қатарында аудан әкімі Марат Тоқжанов пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов болды.
Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына және театрдың бір жылдығына орай сахналанған қойылымның режиссері жас талант Әліби Жанәбілов. Абай рөлін Кенесары Болғанбаев сомдаса, Құнанбай образында Зейнұр Сақтай, Оразбайды Дамир Қайырлиев, Көпбайды Бекзат Васихан, Ақылбайды Айбатыр Бекболат, Нұрғанымды Арайлым Нарымбетова, Әйгерім рөлін Бекайым Әубәкірова сынды жас таланттар сомдады.
Абай тағдыры арқылы тұтас ұлттың қасіретке толы заманын шынайы суреттеген жас таланттар көрерменін тәнті етті.
- Жас театрдың осынау сом дүниеге қол созуы, қаймықпай сахнаға алып шығуы батырлықтың белгісі, - деген аудан басшысы театр ұжымына ақжол тілеп, алғыс білдірді. Қойылымды тамашалауға арнайы келген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов аз уақытта өзінің тамаша қойылымдарымен көрермен ықыласына бөленген театрдың режиссері Әліби Жанәбіловке алғыс хат табыстады. Сондай-ақ С.Дүйсенов аудан басшысы М.Тоқжановқа ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай шығарылған энциклопедия тарту етті.