
Аудандағы «Мұра» дәстүрлі әнші-термешілер клубында ҚР мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов пен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күләш Қуанышқалиевамен кездесу кеші өтті.
Еріктілер жылы аясында құрылған дәстүрлі әнші-термешілер клубының дәстүрлі ән өнерін насихаттау мақсатында ұйымдастырған «Ұлттық өнер – ұлт байлығы» тақырыбындағы кездесу кешінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, аудан өнерпаздары мен дәстүрлі ән өнеріне қызығушы жастар қатысты.
Шараны ашқан Нұржан Дүзбатыр ұлттық өнерді дәріптеуді мақсат еткен клуб ұжымының жұмысына ризашылығын білдіріп, рухани жаңғыру бағытындағы жобаларына сәттілік тіледі.
Кездесу барысында өнер иелері батыс ән мектебінің бүгінгі деңгейі, ерекшеліктері, болашағы туралы баяндап, тыңдарман сұрақтарына жауап берді.
Кездесу соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов қонақтарға алғыс білдіріп, ықылас гүлін ұсынды.