
Аудан әкімі Марат Тоқжановтың төрағалығымен жедел штаб отырысы өтіп,
пандемияға қарсы атқарылып жатқан шаралар жайы талқыланды.
Індетпен күрес, карантин талаптарының орындалуын бақылау жайы қаралған отырысқа жедел штаб мүшелері мен қатар ауылдық округ әкімдері скайп желісі арқылы қатысты.
Ауданда індет жұқтырған адамдар әлі де бар. Бұл тиянақты шешім қабылдап, ауру өршіген жағдайда сақадай сай болуға меңзейді. Осы кезге дейін жасалған жұмысты саралап, алда атқарылар шараларды жоспарлау қажеттігін айтқан аудан басшысы сақтық шараларын күшейтуді ескертті.
Бәйтерек аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Альфия Хасенова карантин жағдайында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, қазір аудандағы эпидемиологилық жағдай тұрақты. 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы егу шаралары басталды. Тұмауға қарсы екпені дәрігерлер, 6 айдан асқан жиі ауыратын балалар, жетім балалар мен әлеуметтік мекемелерде қызмет алушылар, созылмалы ауруы барлар тегін алуда. Сондай-ақ ауданның бас санитары жұмыс беруші есебінен екпе алатындар тізімін жинақтап, оларға да арнайы вакцина салу керектігін атап өтті. Осы кезге дейін ауданда 553 адам індет жұқтырған болса, оның 524 емделіп шықты. Қыркүйек айының өзінде Сovid жұқтырған 16 адам тіркелді. Медицина қызметкерлері ауру жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған жандарды күнделікті тексеруде. Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің №53 жарлығына сәйкес қазір «Сырым» карантиндік бекетінен ауруды анықтау жұмысы жүргізілуде. Осы орайда аталған бекеттен өтушілерді ПТР тестілеуден өткізу және қызуы бар адамдарды облыс орталығындағы провизорлық бөлімшелерге жеткізуді қолға алуымыз қажет, - деді Альфия Хасенова.
Ауданда арнайы мониторингтік топ жұмыстануда. Топ құрамында полиция бөлімінің қызметкерлері 51 әкімшілік хаттама толтырып, оның 33-не айыппұл салынған. Мониторингтік топ карантин талаптарын бұзған жандарды анықтап, көп адам жиналатын той-садақалардың алдын алған. Топтың басты мақсаты карантин талаптарын бұзған жандарға айыппұл салу емес, санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау. Сондықтан аудан бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс нәтижесінде тәртіпбұзушылық әрекеттер әлдеқайда төмендеген.
Штаб жұмысын қорытындылаған аудан әкімі барлық жауапты мекемелерге жағдайды бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.