Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге; 3-орын — 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.
«Бүгін біз «Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз.
Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Бүгін Батыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Мал азығын дайындау жұмыстары туралы» тақырыбында брифинг өтті.
Брифинг барысында Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Жолдыбайұлы Халиуллин 2026–2027 жылдардағы мал қыстағына дайындық, мал азығын дайындау барысы және өңірдегі жем-шөп базасын нығайту жұмыстары туралы баяндады.
Алдағы мал қыстағына облыс бойынша 1 млн 247 мың шартты мал басын кіргізу жоспарланып отыр. Оларды қажетті мал азығымен қамтамасыз ету үшін 2 млн 298 мың тонна шөп, 271 мың тонна жем, сондай-ақ қосымша мал азығы ретінде 14,8 мың тонна сүрлем және 11,6 мың тонна пішендеме дайындау жоспарланған. Бұдан бөлек, өткен жылдан қалған 141,5 мың тонна шөп қоры бар.
Бүгінгі таңда облыста 4,2 млн гектар шабындық шабылып, орташа өнімділік 4,6 ц/га құрады. Нәтижесінде 1 млн 920 мың тонна шөп дайындалды. Бұл белгіленген жоспардың 83,6%-ын құрайды. Өткен жылдан қалған қорды қоса есептегенде, облыста барлығы 2 млн 62 мың тонна шөп дайындалып, жалпы қажеттіліктің 90%-ы қамтамасыз етілді.
Мал азығын дайындау жұмыстарына облыс бойынша 4 371 бірлік шөп шабу техникасы қатысуда. Бөрлі, Тасқала және Теректі аудандарында жұмыстар 100%-ға жуық орындалса, Казталов, Қаратөбе, Сырым және Шыңғырлау аудандарында шөпке деген қажеттіліктің 90%-ға дейінгі көлемі дайындалды. Қалған аудандарда да жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Шөп дайындау жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Биыл шөп шығымы соңғы төрт-бес жылмен салыстырғанда өте жақсы. Осыған байланысты облыс басшылығы тарапынан мал азығының бір жарым жылдық қорын қалыптастыру жөнінде тапсырма берілді. Сондықтан шөп шабу жұмыстары жалғасуда. Агроқұрылым басшыларына қосымша мал азығын дайындаудың қажеттілігі түсіндірілуде.
Сонымен қатар, облыста 15 шілдеден бастап пішендеме дайындау жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта 6,8 мың тонна пішендеме және 30 мың тонна жем дайындалды. Сүрлем дайындау жұмыстары да басталып, бүгінгі таңда 1 мың тонна сүрлем дайындалды.
Өңірдегі жем-шөп нарығындағы жағдай туралы да брифинг барысында айтылды. Салмағы 250 килограмм табиғи және екпе шөптің бір рулоны 4–12 мың теңге аралығында сатылуда. Жемнің бағасы дақыл түріне байланысты тоннасына 50–100 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта нарықтағы жем көлемі жеткілікті. Жем сатушылар туралы ақпарат аудандарға тұрақты түрде жеткізіліп отырады.
Мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударылуда. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 10,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның 8,4 мың тоннасы егіс жұмыстарын жүргізуге, қалған 2,1 мың тоннасы мал азығын дайындау жұмыстарына пайдаланылды.
Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 11,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары операторға 10,7 мың тонна дизель отынын алу үшін өтінім берген.
Брифинг барысында облыста мал азықтық дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән беріліп отырғаны атап өтілді.
2026 жылғы көктемгі дала жұмыстары барысында облыста мал азықтық дақылдар 215,3 мың гектар алқапқа егілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 203,9 мың гектарды құраған. Осылайша, мал азықтық дақылдардың егіс көлемі бір жыл ішінде 11,4 мың гектарға немесе 5,6%-ға артты.
Оның ішінде 50,2 мың гектарға біржылдық шөптер, 2,3 мың гектарға сүрлемдік дақылдар, 13,3 мың гектарға көпжылдық шөптер егілді. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптердің көлемі 147,5 мың гектарды құрайды.
Өңірдің оңтүстік аудандарында мал шаруашылығы климаттық өзгерістер мен ауа райының құбылмалылығына тәуелді. Осыған байланысты табиғи шабындықтарға ғана сүйенбей, екпе шөптерді өсіру арқылы тұрақты мал азығы базасын қалыптастыруға басымдық берілуде.
Атап айтқанда, Ақжайық, Бөкей Ордасы, Жәнібек, Жаңақала және Казталов аудандарында мал азықтық дақылдардың егіс көлемі ұлғайған. 2025 жылы аталған аудандарда бұл көрсеткіш 9 624 гектарды құраса, биыл 11 108 гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,4%-ға жоғары.
Сондай-ақ облыста суармалы мал азығын өндіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңірдегі суармалы жерлердің жалпы көлемі 13 193 гектарды құрайды. Оның 5 862 гектарына немесе 44,4%-ына мал азықтық дақылдар егілген. Оның ішінде судан шөбі – 3 162 гектар, жоңышқа – 1 189 гектар, жүгері – 1 511 гектар.
2025–2026 жылдары облыстың 11 ауыл шаруашылығы құрылымы жалпы көлемі 2 857 гектар мал азықтық дақылдардың суармалы алқаптарын айналымға енгізу мақсатында 4,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды.
Бұдан бөлек, облыс аумағындағы 34 мың гектар лимандық шабындықтарға су шығарылды. Лимандық шабындықтардың өнімділігі гектарына 7–14 центнерді құрап отыр.
Брифинг барысында биылғы егін жинау науқанының барысы да айтылды. Қазіргі уақытта облыста егіс алқаптарының 60%-ы немесе 171 мың гектары орылып, 417 мың тонна астық бастырылды. Өткен жылы осы кезеңде 308 мың тонна астық жиналған болатын.
Мал азығын дайындау жұмыстары жалғасуда. Негізгі міндет – алдағы мал қыстағына қажетті мал азығын толық көлемде дайындап, мал шаруашылығының тұрақты жұмыс істеуіне қажетті қор қалыптастыру.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды.
Батыс Қазақстан облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 1 қаңтарына 5 трлн теңгені құрап, 2023 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 13,6 пайызға өсті. 2023 жылдан бері негізгі капиталға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды.
Мемлекет басшысына бұған дейінгі тапсырмаларының орындалуы туралы толық ақпарат берілді. Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 5 млрд текше метр газ өңдеу зауытының құрылысы жуық арада басталады. Инвестициялық жоба құны – 1,7 трлн теңге. Сондай-ақ, Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын да жыл аяғына дейін бастау жоспарланып отыр.
Соңғы 3 жылда облыста 138 млрд теңгеге 121 жаңа әлеуметтік нысан салынды. Барлық деңгейдегі 1542 шақырым автомобиль жолдары жөнделді. Қазақстан–Ресей шекарасындағы «Сырым» автокөлік өткізу пункті қайта жаңғыртылып жатыр. Келесі жылы «Тасқала» жобасы басталады. Жалпы құны 7,6 млрд теңгеге жаңадан салынған және жаңғыртылған 4 теміржол вокзалы ел игілігіне берілді.
Орал қаласында 60 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген 6 кәріздік сорғы станциясы жаңғыртылып, іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 2 кәріздік сорғы станциясын қайта құру жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ, 11,2 млрд теңгеге 2 жылу магистралы жаңғыртылып, 60 мың тұрғынды тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік жасалды. 7 мың шақырым электр желілері жаңартылып, тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға төмендеді.
Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 млрд теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталғалы 1 414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Жергілікті кооперативтер «КПО б.в.» компаниясына 1,1 млрд теңгеге өнім өткізді.
«Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы аясында мыңнан астам адам ауылға қоныс аударды. Барлық 218 отбасы баспанамен қамтылып, әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.
Мемлекет басшысы өңірді одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жеделдету және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №274 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу және оны облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөлу қағидаларына сәйкес, 2027 жылға арналған квотаға шетелдік жұмыс күшін тарту қажеттілігі туралы жұмыс берушілердің өтініштерін қабылдау басталды.
Өтініштер 2026 жылғы 1 қазанға дейін мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады.
Өтініштерді:
Жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартуға қажеттілігін белгіленген нысан бойынша көрсетіп, өтінішті белгіленген мерзімде ұсынуы қажет.
Өтініштерді қабылдаудың соңғы мерзімі – 2026 жылғы 1 қазан.
Қосымша ақпарат алу үшін:
Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы
📞 Анықтама телефоны: 8 (7112) 51-28-66
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетовтің төрағалығымен Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін бес жыл ішінде 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша 2024–2028 жылдарға арналған өңірлік Жол картасының 2026 жылдың І жартыжылдығындағы орындалу барысы қаралды.
Кеңес барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ж. Халиуллин баяндама жасап, өңірлік Жол картасының негізгі көрсеткіштерінің орындалуы туралы ақпарат берді.
2026 жылғы қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 118,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға өсті. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 21,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артты.
Сонымен қатар өсімдік шаруашылығында егіс құрылымын әртараптандыру бойынша жоспарлы көрсеткіштердің толық орындалғаны, су үнемдеу технологияларын енгізу, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту, инвестициялық жобаларды іске асыру және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытындағы жұмыстардың жоспарлы түрде жалғасып жатқаны атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне өңірлік Жол картасының жоспарлы көрсеткіштерінің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетовтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңес барысында 2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексіне қол жеткізу, мал азығын дайындау, статистикалық есептіліктің сапасын қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы техникасының деректерін өзектендіру мәселелері қаралды.
Кеңесте Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Жолдыбайұлы Халиуллин аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлы көрсеткіштердің орындалу барысы туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Асанұлы Ұзықанов «Игілік» және «Береке» бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген несиелеу тетіктері туралы ақпарат берді.
Кеңес қорытындысы бойынша Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетов биылғы жылы ерте көктемдегі жауын-шашын мен топырақтағы ылғал қорының жеткілікті болуы нәтижесінде мал азығы дақылдарының өнімділігі жоғары қалыптасқанын атап өтті. Осыған байланысты аудан әкімдіктеріне қалыптасқан қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, алдағы мал қыстауына қажетті мал азығын қажеттіліктің кемінде 1,5 есе көлемінде дайындауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ аудан әкімдіктеріне жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету, статистикалық есептіліктің сапасы мен уақтылы ұсынылуын бақылауда ұстау және ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландыру жұмыстарын жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
2026 жылғы 28 шілдеде Батыс Қазақстан облысына 2026 жылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген 11,2 мың тонна дизель отынын жеткізу бойынша операторды айқындау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша оператор болып «NEFTEK Operating» ЖШС айқындалды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін арзандатылған дизель отынының бағасы мұнай базасынан бір литріне 275,5 теңгені құрайды.
Арзандатылған дизель отынын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеткізу «NEFTEK Operating» ЖШС тарапынан бекітілген жеткізу кестесіне сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету күзгі дала жұмыстарын және егін жинау науқанын уақтылы әрі сапалы жүргізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының бірі болып табылады.
Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ж. Халиуллин егін ору науқанының барысына жүргізіліп жатқан мониторинг аясында «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-не барып, кәсіпорынның қызметімен танысты.
«Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС – ауыл шаруашылығы дақылдарының бірегей (оригинатор) сорттарын шығарумен айналысатын, элиталық тұқым және бірінші, екінші, үшінші репродукциялы тұқым өндіретін тұқым шаруашылығы.
Жұмыс сапары барысында басқарма басшысы егін жинау жұмыстарының барысымен танысып, ғылыми-тәжірибелік алқаптарды аралады. Сондай-ақ станция ғалымдарымен тұқым шаруашылығын дамыту, өңірдің қуаңшылық жағдайына бейімделген заманауи агротехнологияларды өсімдік шаруашылығына енгізу мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында астық сапасын сақтау және өнім шығынын барынша азайту мақсатында егінді оңтайлы мерзімде жинау жөніндегі ғылыми ұсынымдар қарастырылды.
Сонымен қатар, Ж. Халиуллин станцияның материалдық-техникалық базасының жай-күйімен танысып, кәсіпорынның ғылыми-өндірістік әлеуетін одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде пікір алмасты.
Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы мұнай өнімдерін жеткізушілерге және өзге де қаржылық тұрақты ұйымдарға 2026 жылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне өткізу мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауытынан 11,2 мың тонна (шілде – 1,6 мың тонна, тамыз – 3,9 мың тонна, қыркүйек – 3,8 мың тонна, қазан – 1,9 мың тонна) дизель отынын жеткізу жұмыстарын орындауды ұсынады. Дизель отынының зауыттан босату бағасы ҚҚС-пен қоса, FCA (жөнелту станциясы) шарттарымен бір тоннасына 300 285 теңгені немесе литріне 250–252 теңгені құрайды.
Дизель отынын жеткізуге қатысуға ниет білдірушілер қатысатынын жазбаша растауды және құжаттарды Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының кеңсесіне 2026 жылғы 21 шілде, сағат 09:00-ден бастап, 2026 жылғы 24 шілде, сағат 12:00-ге дейін, Орал қаласы, Қ. Аманжолов көшесі, 75 үй, 208 кабинет, e-mail: tehnika-zko2@mail.ru, тел.: 51-18-20 мекен-жайы бойынша тапсыруы тиіс.
Қабылданған өтінімдер негізінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан дизель отынын облысқа жеткізуші операторды анықтау бойынша комиссия отырысы, ағымдағы жылдың 29 шілде күні сағат 16:00-де облыс әкімдігінде өткізіледі (комиссия отырысы өткізілетін күні, уақыты және орны өзгерген жағдайда әлеуетті операторларға және комиссия мүшелеріне қосымша хабарланатын болады).
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2023 жылғы 13 сәуірдегі №137 бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жұмыстарына мұнай өнімдерін бөлудің өңірлік операторларын айқындау қағидаларын, сондай-ақ көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін мұнай өнімдерінің көлемдерін қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту туралы» Қағиданың (бұдан әрі – Қағида) 17 тармағына сәйкес, арзандатылған дизель отынын жеткізу жөніндегі қызметтерді көрсетуге қатысуға әлеуетті операторлардан талап етілетін құжаттардың тізбесі:
- Қағиданың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша дизель отынын жеткізу жөніндегі өңірлік операторларды айқындауға қатысуға арналған өтінім;
- ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін дизель отынын сатып алу, жеткізіп беру, сақтау және жеткізу жөніндегі қызметтер үшін үстеме бағаның жалпы сомасын көрсетілген баға ұсынысы, жабық конвертте;
- кемінде екі жыл Қазақстан Республикасының ішкі нарығында мұнай өнімдерін өткізу тәжірибесінің болуын растайтын құжаттардың көшірмелері;
- дизель отынының күзгі-далалық жұмыстарға бөлінген көлемін сатып алу үшін әлеуетті оператордың шотында ақшалай қаражаттың не кредиттік қаражаттың болуы туралы банктен анықтама;
- әлеуетті операторға қызмет көрсетілетін банктің уәкілетті тұлғаның қолы қойылған және анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан астам уақытқа созылатын әлеуетті оператордың міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша банк алдындағы мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы мөрі бар (бар болса) анықтамасы (егер әлеуетті оператор бірнеше екінші деңгейдегі банктердің клиенті болып табылған жағдайда, мұндай анықтама өтінім берілетін күннің алдындағы бір айдан кейін берілген осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады);
- өтінім берілген күнге дейін күнтізбелік бес күннен кейін берілген салық берешегінің жоқтығын куәландыратын құжат;
- мұнай өнімдері немесе резервуар базасына тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтама не мұнай өнімдері немесе резервуар базасын жалдау шартының көшірмесі;
- мұнай өнімдерінің немесе резервуардың базасы бойынша ұсынылатын құжаттар (әлеуетті операторда меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде бар):
1) мұнай өнімдері базасының жай-күйі және техникалық жарақтандырылуы туралы ақпарат:
мұнай өнімдері немесе резервуар базасының техникалық паспорттың көшірмесі;
цистернасы немесе автоматты құю жүйесі бар автомашина (бензин тасушы) үшін
таразының болуы;
2) «Мұнай өнімдері базаларының өндірістік объектілерін бақылау есептеу аспаптарымен жарақтандыру жөніндегі қағидалар мен талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 435 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №31279 болып тіркелген) сәйкес мұнай өнімдері базасында есепке алатын бақылау аспаптарының болуын және орнатылуын растайтын құжат;
- күзгі далалық жұмыстарын жүргізу кезеңінде демалыс және мереке күндері дизель отынын босату туралы келісім-хат;
- меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде дизель отынын ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге жеткізуге арналған цистернасы бар автомашинаның (бензин тасығыштың) болуын растайтын құжаттың көшірмесі;
- мұнай базаларының орналасу схемасы;
- тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатқа сәйкес дизель отынын тасымалдау үшін электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінің «Виртуалды қойма» модулін қолдану туралы растау.
Бұл ретте оператор ағымдағы жылдың 30 шілдесінен бастап бөлінген көлем толық өткізілгенге дейін, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының басқа түрлерін жүргізу үшін қайта бөлінген көлемді, егер Комиссия хаттамасында өзгеше көзделмесе, белгіленген бағаны өзгертпей (бұдан әрі – өткізу кезеңі), мұнай өңдеу зауытынан көзделген көлемнің жөнелтілу мерзімдеріне қарамастан өткізуді жүзеге асырады. Өткізу кезеңінде облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жеңілдетілген дизель отынының ақысын төлеп, оны таңдап алу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар, Қағиданың 25 «ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін мұнай өнімдерінің көлемін қалыптастыру және бөлу» тармағына сәйкес, дизель отынының өткізілмеген көлемі болған кезде оператор ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге (ЖАО-мен келісу бойынша) осы көлемдердің ауыл шаруашылығы жұмыстарының келесі түрлері бойынша өткізілуін қамтамасыз етеді:
1) егін жинау жұмыстары;
2) жемшөп дайындау;
3) дәнді және майлы дақылдардың тұқымдарын кептіру;
4) көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарының қосымша түрлерін (сүдігер
жерлерді жырту, егістерді өсімдіктерді қорғау құралдарымен өңдеу, күздік дақылдарды себу, қар ұстау) жүргізу.
Ескерту: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің хаттамасына сәйкес дизель отынының бағасы және (немесе) оны жеткізу шарттары өзгерген жағдайда, жеңілдетілген дизель отынын өткізу бағасы жеңілдетілген дизель отынын жеткізу жөніндегі операторды айқындау жөніндегі комиссияның шешімімен қайта қаралады.
Мемлекеттік қызметші күніне орай Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасында салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиын барысында өздерінің қызметтік міндеттерін жоғары жауапкершілікпен және адал атқарып жүрген сала қызметкерлеріне басқарма басшылығының Алғыс хаттары табысталды.
Мемлекеттік қызмет – халыққа адал қызмет етудің, кәсібилік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс, жаңа жетістіктер мен кәсіби биіктер тілейміз!