Батыс Қазақстан облысы бойынша 2022-2023 жылдың мал қыстағының өту барысы, мал азығымен қамтамасыз етілу жағдайы бойынша АНЫҚТАМА

2022 – 2023 жылдың мал қыстағына облыс бойынша 1 млн. 055 мың шартты мал басы кіру жоспарланды. Статистикалық мәліметке сәйкес 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша облыс бойынша қыстақта тұрған ірі қара малының саны – 780,7 мың бас, қой мен ешкі –  1 322,8 мың бас, жылқы – 279,0 мың бас, түйе – 2,6 мың бас.

Былтырғы жылғы көктемгі кезде ылғалдың мол түсуі мен көлтабандарға шыққан су көлемдерінің есебінен (55,7 мың га) шөптің өнімділігі жоғары болды.

2022 жылы облыс бойынша 3 млн. 586,2 мың га шабындық шабылып, (облыстағы орташа өнімділігі 6,1 ц/га) 2 млн 185,5 мың тонна шөп даярланды, бұл жалпы қажеттіліктің 112,6%-ын құрады. 2021 жылдан қалған 141,8 мың тонна шөп көлемімен қоса есептегенде барлығы 2 млн 327,3 мың тонна шөп даярланды, бұл жалпы қажеттіліктің 119,9%-ын құрады. Сондай-ақ, қосымша мал азығы ретінде облыста 1,7 мың тонна пішендеме (сенаж), 6,3 мың тонна сүрлем (силос) және 9,4 мың тонна сабан (солома) дайындалды.

Жеке қосалқы шаруашылық тұрғындарына жем-шөптің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында шөп шабу науқаны басталар алдында аудан және ауылдық округ әкімдері шөптің сату бағасының құнын келісу үшін жемшөп дайындаушы шаруашылықтар мен халықтың қатысуымен жиналыстар ұйымдастырылды, мемлекеттік қордағы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында шөпті жергілікті тұрғындарға арзандатылған бағамен сататын шаруашылықтарға немесе ауыл шаруашылығы кооперативтеріне беру жұмыстары ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік қор жері есебінен 63 мың 500 га жер берілді. Мал азығын дайындау үшін орман қорынан 1610,6 га жер берілді. Осы мемлекеттік жер қорынан шөп дайындайтын аудандардағы құрылған бригадалар ауыл тұрғындарын мал азығымен қолжетімді бағамен қамтамасыз етті. Былтырғы жылы 1 рулон шөптің (250-300 кг) бағасы 2500 – 5000 теңге аралығында болды.

Сонымен қатар, қыстаққа 748,8 мың шартты мал басына 229,7 мың тонна жемдік мал азығы қажет болды. 2022 жылғы егін ору науқанының қорытындысы бойынша 203,7 мың тонна жемдік астықпен (88,7%) қамтамасыз етілді. Күні бүгінге аудандармен барлығы 92,8 мың тонна жем сатып алынды. Барлық аудандарға жем сататын шаруашылықтардың мәліметі беріліп қойылды. Жемнің бағасы түріне қарай 1 тоннасына 80000 теңгеден басталып 130000 мың теңгеге дейін барады.

Желаев және Белес кәсіпорындарының элеваторлары арқылы аудандарға жеңілдетілген бағамен 4000 тоннаға жуық кебек бөлінді               (1 т кебек -50000 теңге). Күні бүгінге соның 1823,6 тоннасы алынған.

Өткен жылы аграршыларға көмек ретінде мемлекеттен егін ору жұмыстарына 25,7 мың тонна арзандатылған дизел отыны бөлініп, пайдаланды, соның ішінде 5,6 мың тоннасы мал азығын дайындауға.

Облыс бойынша 2279 мал қыстағы бар. Ақпан айының соңғы аптасынан бастап ауа-райы күрт жылынып, қар еріп кетуіне байланысты оңтүстік аудандардағы 147 қыстақта мал жайылымға шықты.

2023 жылғы 3 наурыздағы жағдай бойынша 1 млн. 048,3 мың тонна шөптей және 45,0 мың тонна жем қолда бар. Бұл қыстақты сәтті аяқтауға толық мүмкіндік бар.    

Мал азығының жетіспеушілігі салдарынан мал шығыны тіркелмеді. Мал қыстату науқанының өту барысы басқарманың жіті бақылауында.

Соңғы жылдардағы жауын-шашынның аздығы, судың тапшылығына байланысты қуаңшылық орын алуда, сол себептен, өсімдік шаруашылығында суармалы жерлердің алқабын ұлғайту мәселесі өте өзекті міндеттердің бірі болып табылады. Сонымен қатар, суармалы жерлерде мал азықтық дақылдар өсіру өңірдің мал шаруашылығының дамуына серпін береді.

2025 жылға дейін суармалы жерлердің алқабын 50 мың гектарға жеткізу міндеті қойылды.

Атап айтсақ:

2023 жылы – 3,9 мың га,

2024 жылы – 13,7 мың га,

2025 жылы  - 25,1 мың га енгізілуі тиіс.

2022 жылы облыс бойынша 7 333 га жер тұрақты суарылды, соның ішінде су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы, яғни жаңбырлатып 5 335 га  және тамшылатып 733 га, басқа да тәсілдермен  1 265 га суарылды. 2021 жылы облыс бойынша 6 623 га жер тұрақты суарылса, өздеріңіз көріп отырғандай 2022 жылы 2021 жылғыдан 710 га артық болды.

Соңғы жылдары саладағы кәсіпкерлердің заманауи суару қондырғыларын пайдалануға қызығушылықтары артып келеді.

Оның дәлелі соңғы 7 жылда (2015-2022 жж.) облыс шаруашылықтарымен жалпы сомасы 4,8 млрд.теңгеге 87 бірлік заманауи жаңбырлатқыш машиналар сатып алынып, нақты өндірісте пайдалануда.

Мемлекеттік қолдау шаралары аясында осы мақсатта 2021 жылға дейін 579 млн. теңге субсидия төленсе, тек 2022 жылдың өзінде 389 млн. теңге субсидия төленді. 

Инвестициялық салымдар аясында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін енгізген жағдайда инвестициялық салымдарды өтеу үлесі - 50% құрайды. Сонымен қатар, суармалы жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін сатып алынған тұқымдар мен қолданылған тыңайтқыштардың, пестицидтердің құнының 50%-ы бюджет есебінен субсидияланады. 2022 жылы шаруашылықтар 751,4 млн. теңгеге субсидияланды. Осы бағдарламаларға тиісті қаражаттар жылма-жыл қарастырылып келеді.

Бұдан бөлек осы бағыттағы жобаларды «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және оның несие серіктестіктері қаржыландырады. 2022 жылы облыс шаруалары 15 бірлік жаңбырлату машинасын сатып алды. 

Осылайша суармалы жерлерді ұлғайту арқылы дақылдардың өнімділігін арттыру, кепілді өнім жинау, су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалану көрсеткіштеріне жету мақсаты тұр.

Сондай-ақ, осы жер ресурстарын белсенді игеру кезінде көптеген жұмыс орындары құрылады, бұл халықты жұмыспен қамтуда маңызды.

Дата публикации
13 марта 2023