Бүгін 1 қазан - Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Мұрат Сердалин ауданымыздың ардагерлердің үлкен тобымен кездесті.
Шара барысында аудан тынысынын басты-басты бетбұрыстар, тың жаңалықтар туралы әңгімеленді. Ел бесігі болып табылатын ауылдың жарқын ертеңіне қатысты ой-толғамдар ортаға салынды.
Бұл жүздесуде аудан басшысы ардагерлердің қарымды еңбегі, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестерін тілге тиек ете отырып, ауданда атқарылған жұмыстар мен қадау-қадау меже-міндеттерді баяндауы жиналғандардың көңіл-қошын көркейтті.
Аудан басшысы ауылдағы болсын, қаладағы болсын, ардагерлермен ұдайы ақылдасып отыру дәстүрге айналғанын атап көрсетті. Жұбан елінен шыққан, түрлі жауапты қызметтерге көтерілгендер, үлкен ауданда кезінде басшылықта болғандар да ешқашан ұмытылмайды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев ауыл-қаладағы жерлес аға буынның алдында тұрған салмақты міндеттерді саралап, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қалампыр Есеналиева ұйымның іс-тәжірибесімен бөлісті.
Жүрегі ел деп соққан аға ұрпақтың туған жеріндегі бүкіл жағымды жаңалыққа қуанышы шексіз. Бұл осы жүздесуде сөз алғандардың лебізінен анық байқалды. Өздерінің көңілін семірткен осындай қауышу үшін риясыз ризашылықтарын жеткізе тұрып, олар өздерінің пікір-пайымдарымен бөлісті.
Сонымен қатар, шарада аудан әкімі еңбек ардагері Владимир Лукмановты 90 жасқа толуына орай құттықтау хатпен марапаттап, сый-сияпат табыстады.