ЖАҢА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

ЖАҢА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ
Туған жерді түлетіп, қара шанырақтың түтінін қайта шалқыту үшін ағымдағы жылы облыс басшысы Нариман Төреғалиұлының бастамасымен «Қаладан ауылға» жобасы қолға алынған болатын. Бағдарламаның мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерде жұмыс күші тапшылығын жою, ауылдық жерлерді тұрақты дамытуды қамтамасыз ету.
Аталған бағдарламаға ауданымыздың Ақбұлақ, Тінәлі, Битілеу және Сайқұдық елді мекендері енгізілген болатын.
Бүгін Битілеу ауылында осы жоба шеңберінде бастау алған екі пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қоныс аударған 2 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды.
Жаңа қоныс иелеріне кілт тапсырған аудан әкімі М.Сердалин төрт түлігін түлетіп, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі екендігін атап өтіп, көшіп келген отбасыларға құс, қой және т.б үй жануарларын беріп, жұмысқа орналастырып, бірінші кезекте демеу көрсетілетіндігін жеткізді.
Жаңа қоныс иелері де өз ризашылықтарын білдіріп, әсерлерімен бөлісті.
Битілеу ауылына қоныс аударған екі отбасында 14 адам, мектеп жасындағы бала саны – 7. Осы ауылдағы мектеп оқушы саны нормативке сәйкес келмейтін мектептер тізімінде болса, аталған бағдарлама арқылы бала санының жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешімін тапты.
Жалпы алғанда, «Қаладан ауылға» жобасы аясында Сайқұдық ауылында 3 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатса, Тінәлі ауылы бойынша 2 тұрғын үй жеке тұлғалардан сатып алынды, Ақбұлақ ауылында тұрғын үйді сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде.