ЖАЙЫҚТА ЖАУҒАН ЖЫР-ЖАҢБЫР

ЖАЙЫҚТА ЖАУҒАН ЖЫР-ЖАҢБЫР
Дәл осындай атаумен бүгін Тайпақ мәдениет үйінде жерлес ақын Сағат Абдуғалиевтың туғанына 75 жыл толуына орай тағылымды шара өтті. Ақынның рухын құрметтеген жыр сүйер қауым алдымен оның ескерткішіне гүл шоғын қойып, ардақты азаматты еске алды.
Шараның негізгі бөлігінде аудан әкімінің орынбасары Бақберген Талғатұлы сөз сөйлеп, ақынның ұрпақтарына құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, ақын Бауыржан Халиолла, "Егемен Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, еңбек ардагерлері және жастар кеш иесі туралы ойларымен бөлісіп, өлеңдерін мәнерлеп оқыса, аудан өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Кеш соңында Сағат Абдуғалиевтың ұлы Айқын және қыздары Фарида мен Махмуда әкелерінің даңқын асқақтатқан ақжайықтықтарға, шараны ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға перзенттік ризашылықтарын білдірді.