Үкі би Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде көзге түсіп, ел істеріне белсенді араласқан, сол тұстағы мұрағат деректеріне есімі таңбаланған тұлға. Оның қызметі атақты Сырым батыр заманынан бастау алып, Айшуақ, Жантөре, Шерғазы, Бөкей хандардың, Қаратай, Орман, Арынғазы сұлтандардың ел басқару кезіндегі күрделі тарихи оқиғаларымен байланыста дамыды.
Үкі би – тарихи тұлға, байбақты руының қожамсүгір бөлімінен тарайды. Қызыл тастан салған мазары бар, жергілікті жұрт аян алып басына келіп құран бағыштайды.
Орналасқан жері: БҚО Ақжайық ауданы, Базартөбе округіне қарасты Қызылжар ауылы.
Зерттелуі: Үкі би туралы өлкетанушы Ж.Әбілпейісовтың, ата тегі туралы К.Ғ.Ахметовтың «Кіші жүз Асқар (Байбақты, Жанбақты, Тынбақты) және Тана руларының шежіресі» деректерінде, сонымен қатар, тарих ғылымдарының кандидатыЖәнібек Аллаярұлының т.б. жазбаларында кездеседі.
Аңыз-әңгіме: Ел аузынан жеткен әңгімелерде Үкінің би, батыр, шешен, айтқыш кісі болғаны айтылады. Заманында Кіші жүзге әйгілі болған Үкі бидің сөзіне тоқтамаған кісі жоқ дейді. Өлкетанушы Ж.Әбілпейісов «Ол екі иығына екі кісі мінгендей нар тұлғалы ірі кісі болыпты. Жайыққа қазақ атаулыны жолатпай жаналғыш әзірейілдей тап беретін казак-орыстар Үкі биден қаймығып, айналасындағы еліне қиянат жасай алмаған» деп сипаттайды. Деректерде Үкі бидің саяси қызметінің басталып, көзге түсуі Сырым батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалыспен сәйкес келеді. Ел аузынан жеткен әңгімелерге сенсек, 1802 жылы Сырымның Хиуада қаза табуынан кейін батырдың құнын сұрауға барған Кіші жүздің белгілі тұлғалары қатарында Үкі биде болған. Байбақты руының ұранына шыққан атақты Дәуқара батырдың баласы Есқара батыр бастаған елшілік құрамына Әлтекеден Қожамсүгір Үкі би, Алаша Барамық Ошырты би, Ысық Қаратау би, Беріш Бөдене, Байбақты Күшпен Тайлақ батыр бар барлығы 7-8 адам енген. Бұлардың әрқайсысы бір рулы елдің тағдыр талайына жауап бере алатын сол кездегі Кіші жүздің айтулы азаматтары болған.
Отандық тарихнамада өмірі мен қызметі арнайы зерттеу нысанына алынбаған Үкі би атақты Сырым батырмен бірге ел істеріне араласып, сол кездегі жағдайды реттеуге атсалысқан біртуар тұлға. Ол Айшуақ хан тұсында старшын ретінде көзге түсіп, Жантөре хан тұсында Орман сұлтан төрағалық еткен Хан кеңесіне мүше болып, ел басқаруға тартылады. Яғни, сол тұста Кіші жүзде қалыптасқан шиеленісті оқиғалардың ортасынан көрініп, ел ішіндегі қарым-қатынасты қалпына келтіруге ұмтылды. Орыс үкіметінің отарлау шырғалаңына ұшыраған қазақ жұрты шырмауықша шырмалған империяның құйтырқы саясатына қарсы қояр әдіс амалын өзінше түсініп, өзінше пайымдады. Ресей әмірінен шыға алмаған Жантөре ханның өз қазағының қолынан ажал құшуы, соның көрінісі. Ал Жантөренің өлімінен соң Үкі биді уақытша Хан кеңесінің төрағасына ұсынудың өзі оның тұлғалық болмысын мойындау еді. Орынбор әкімшілігі Кіші жүзге Шерғазыны хан сайлаған кезде де Үкі би жаңадан жасақталған кеңеске мүше болып қалады. Хан кеңесшісі бола тұра Үкі бидің Жантөре, Шерғазы хандармен арадағы кейбір кикілжіңдердің орын алуы, сол кездегі саяси көзқарастарының арасындағы алшақтыққа байланысты. Патша үкіметі бекіткен Кіші жүз хандары өз үстінен Орынбор басшылығына бірнеше рет шағым түсірсе де Үкі би өмірінің соңына дейін Хан кеңесшісі қызметін атқарды. Хан кеңесінің құрамын Шекаралық комиссия ұсынысымен Орынбор губернаторы бекітетін. Міне, осыған қарамастан Үкі би сол тұстағы саяси жағдайлар шеңберінде халқы үшін қалтқысыз қызмет етеді. Орман сұлтан, халық қолдауына ие болған Қаратай, Арынғазы сұлтандармен өте жақсы қатынаста болды. Орыстың отарлауына ұшыраған ел ішіндегі ішкі талас-тартыс пен барымтаға тыйым салып, қазақ-орыс қатынасын ретке келтіріп, дәстүрлі хандық басқару жүйесін нығайтып, Орданы қатаң тәртіпке салу үшін Қаратай, одан соң Арынғазы сұлтанға қолдау білдірді. Олардың бойындағы ел басқару қабілет-қарымын көре білген. Алайда Қаратай, Арынғазы сияқты дербес ұлттық саясатты жүргізе алатын ықпалды да қуатты сұлтандар Ресей үшін тиімсіз еді, сондықтан да олар хандық билікке жіберілмеді. Сөйтіп империя өзін еркін ұстап, мемлекеттік тәуелсіздік жөнінде ойлайтын жігерлі билеушілерді тежеп, кейінге ысырып отырды. Өз кезегінде Қаратай, Арынғазы сұлтандар да Үкі бимен тығыз байланыста болып, оны сыйлап, құрметтеп өткен. Оның үстіне Сырым батырмен, Жүсіп тарханмен, Байұлының бас старшыны Есенгелді Жанмырзаұлымен, т.б. белгілі би, батыр, старшындармен сенімді қатынас орнаған.