Ауылдың кадрлық әлеуетін жақсарту және қамтамасыз ету мақсатында елімізде әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі - 2009 жылдан бастап жастар игілігін көріп келе жатқан "Дипломмен ауылға!"жобасы. Аталмыш бағдарламаның артықшылығын ауылға бет алған әр жас білетін шығар. Десе де, жаңа қаржылық жыл аясында енгізілген өзгерістерге байланысты әлеуметтік қолдаудың мөлшерін тағы да еске салып қоюды жөн көріп отырмыз.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №126 бұйрығына сәйкес әлеуметтік қолдау шараларының мөлшері айқындалды. Ауылға бет түзеген жас маманға 100АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит беріледі.Несиенің мөлшері келесідей – ауданның әкімшілік орталықтары болып табылатын елдімекендер үшін 2500 АЕК-тен аспайтын, ауылдық елдімекендерге 2000 АЕК-тен аспайтын сомада. Биыл айлық есептік көрсеткіш 3692 теңге екенін ескерсек, бұл – ауылдық жерден үй сатып алуға жетерлік қаражат.
"Дипломмен ауылға" жобасы аясында көрсетілетін әлеуметтік қолдауды алу үшін аудандардың жергілікті атқарушы органдарының ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы уәкілетті органдарына жүгіну керек. Аталмыш қызмет денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне ұсынылады.
2023 жылғы 1 сәуірден бастап "Дипломмен ауылға!" жобасы бойынша сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде "Отбасы банк" АҚ анықталды. Сондықтан әлеуметтік қолдауды алу үшін маман otbasybank.kz BASPANA MARKET жылжымайтын мүлік порталында тіркелуі қажет және ЭЦҚ көмегімен өтінім жолдайды.
Мемлекет әрдайым ауылда жұмыс істеймін, еңбек етемін деген маманға зор қолдау көрсетуде. Еңбегін ауылға арнаған жастардың дәрежесінің, беделінің артуына да баса көңіл аударылуда. Ендеше, жас маман,дипломыңды қолға ал да, ауылға қарай бет түзе!
Ақжайық ауданының экономика және қаржы бөлімінің бас маманы
Қанатова Ақерке Ермекқызы