Зиянды шегірткелердің барлығы тура қанаттылар отрядының нағыз шегірткелер деп аталатын тұқымдасына жатады.
Қазақстанда олардың 270 түрі таралған, ауданымызда итальяндық шегіртке, азиялық шегіртке, саяқ шегірткелер және басқалар. Олар астық, техникалық, көкөніс дақылдарына, жайылымдарға, шабындықтарға зиян келтіреді.
Шегірткелердің артқы аяқтары секіруге бейімделген, қысқа мұртшалары бар. Ұрғашылары жұмыртқаларын топыраққа күбірше түрінде салып, жылына бір рет көбейеді. Жұмыртқа фазасында қыстап шығып, көктемде дернәсілдер шығады. Даму мерзімі түріне қарай 25–45 күнге созылады. Осы уақытта дернәсілдер 4–5 рет түлеп, қанатты ересекке айналады. Дернәсіл фазасында олар өте қомағай болып, күніне өз салмағынан бірнеше есе артық қоректенеді.
Шегірткелердің тіршілік ету ерекшеліктеріне қарай олар екі топқа бөлінеді: үйірлі шегірткелер (азиялық, мароккалық, итальяндық) және саяқ шегірткелер (атбасарлық, сібірлік, қара қанатты және т.б.). Үйірлі шегірткелер кей жылдары жаппай өсіп-өніп, үйір-үйір болып шоғырланады. Мұндай жағдайда дернәсілдердің тобы «кулига» деп аталады. Ал саны аз жылдары олар саяқ шегірткелер сияқты дара тіршілік етеді.
Олардың сан мөлшерінің өзгеріп тұруына ауа райы мен табиғи факторлар қатты әсер етеді. Көктемде мекендерін су басып қалса жұмыртқалары қырылып, ал құрғақ әрі жылы жылдары керісінше жаппай көбейеді. Артық ылғалдылық та жұмыртқалардың жойылуына әкеледі. Кейбір жылдары саңырауқұлақ аурулары немесе паразит жәндіктер де олардың санын азайтады. Сонымен қатар, жыртқыш қоңыздар мен құстар шегірткелердің табиғи жаулары болып табылады.
Жайылымдарды ретсіз пайдалану, шөптің сиреуі және топырақтың қатты қызуы да шегірткелердің көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан шегірткелерге қарсы күрес дернәсілдердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, уақтылы жүргізілуі тиіс.
Қорытынды: Шегірткелер – ауыл шаруашылығы үшін аса қауіпті зиянкестердің бірі. Олардың көбеюі табиғи жағдайлармен тығыз байланысты. Сондықтан шегірткелердің таралу аймақтарын үнемі бақылап, фитосанитариялық мониторинг жүргізу, дер кезінде күрес шараларын қолдану – егін мен мал азығын сақтап қалудың басты кепілі болып табылады.
ҚР АШМ АӨК МИК Ақжайық аудандық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы Жаслан Макашев