«Мерейлі отбасы 2025» Ұлттық конкурсы туралы жария хабарландыру

Ақжайық ауданының әкімдігі «Мерейлі отбасы-2025» Ұлттық конкурсының аудандық деңгейдегі бірінші кезеңіне құжаттар қабылдайтыны туралы хабарлайды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы № 250 өкіміне сәйкес Қазақстанда жыл сайын «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы өткізіледі. Байқаудың мақсаты – өнегелі құндылықтарды жаңғырту, балаларды тәрбиелеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, қазақстандық отбасының жағымды имиджін үгіттеу болып табылады. Конкурс ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 5 науырыздағы №181 қаулысымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Қатысуға өтінім төмендегі құжаттармен бірге беріледі: 1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері; 2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін - жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме; 3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса); 4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (бар болса); 5) балаларды тәрбиелегені үшін алған көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін алған көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері; 6) балалардың, ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жұмыс (оқу) орнынан анықтамалар және мінездемелер; 7) ұсынымдар (әріптестерінің, көршілерінің, достарының); отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері.
Конкурсқа қатысуға өтінім беру үшін құжаттар көшірмелері тапсырылуы қажет. Конкурсқа қызметі Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін (кірген) мүшелері бар және бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды. Байқауға қатысу үшін өтінім мен құжаттар Ақжайық ауданының ішкі саясат бөлімінде (Қонаев көшесі, 68 ) қабылданады. Сондай-ақ өтінімдер электронды мекенжай бойынша да жүргізіледі: ovp-akzhaik@mail.ru (pdf форматта). Конкурсқа қатысуға өтінімдер тиісті құжаттар қоса тіркелген арнайы нысан бойынша аудандық комиссияларға 2025 жылғы 15 маусымына дейін беріледі. Қосымша толық ақпараттарды алу үшін 91-4-45, 92-4-42 байланыс номерлеріне хабарласуға болады.
Дата публикации
26 мая 2025