Ақжайық тұрғындарына 2022 жылдың 11 айында аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі арқылы 11777 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қазіргі таңда Ақжайық аудандық ХҚО бөлімінде барлығы 6 маман қызмет етеді.
Мемлекеттік қызметтердің тізілімінде көрсетілген 1337 қызметтің 1270-ін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде алуға болады. Оның ішінде 338 қызмет түрі ХҚО операторлары арқылы қолжетімді.
«Мемлекеттік қызметтер біртіндеп бірыңғай онлайн режимге көшуде. Азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу, электрондық сандық қолтаңба алу, түрлі анықтамалар, заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікті тіркеу сынды қызметтер eGov.kz порталы арқылы қолжетімді. Дегенмен де біздің бөлімге келушілер қатары да азаяр емес. Келген халыққа құжаттарын реттеу жолдарын түсіндіріп, сапалы қызмет етуге әрдайым да бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Бұл бағыттағы жұмысымызды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз»,- дейді Ақжайық аудандық ХҚО бөлімінің басшысы Жания Карашина.
Аудандық ХҚО бөлімі арқылы сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер, атап айтқанда: 1667 жеке куәлік пен паспорт берілсе, 1399 азамат жылжымайтын мүлкін тіркеуден өткізген және 2574 электрондық сандық қолтаңба жасалған.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді eGov.kz порталы, eGov mobile, мобильді ХҚО қосымшалары, kaspi және halyq homebank қосымшалары, kenes1414bot телеграм боты арқылы көптеген қызметті ХҚО-ға жүгінбей-ақ, онлайн режимде санаулы минуттарда алуға болады.
«Азаматтарға арналған үкімет»
мемлекеттік корпорациясының
Батыс Қазақстан облысы бойынша
филиалының баспасөз қызметі