Отчет акима Акжольского сельского округа Акжаикского района о проделанной работе в 2021 году

Қайырлы күн қадірменді жерлестер!

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу көзделген.

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы биылғы есеп беру жиналыстары ақпан айында бастау алып, барлық елді мекендерде санитарлық нормалар қатаң сақтала отырып өткізілуде.

Осыған дейін ___________ ауылдық округ әкімінің есеп беру кездесуінде болдық.

Бүгін міне өздеріңізбен жүздесіп, Сіздің ауылдық округ әкімінің есеп беру кездесуінде ауылдың тыныс-тіршілігі туралы баяндап, алдағы жоспарды нақтылау үшін жиналдық.

Сонымен қатар аудан деңгейінде атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылатын істер туралы өздеріңізді хабардар ету мақсатында келіп отырмыз.

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Мемлекетіміздің қарқынды дамуы еліміздегі аграрлық секторға тікелей байланысты. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп келеді.

Қазіргі кезде ауданда 1078 ауыл шаруашылық құрылымы бар,
2020 жылмен салыстырғанда 1,3%-ке артты (1064 шаруашылық құрылым). Жалпы өнімінің көлемі 11 айдың қорытындысымен 24,8 млрд. теңге құрап, өткен жылғыдан 14,2%-ға артты (2020 ж.-21,7 млрд.тг.).

01.01.2022 жылғы статистикалық мәлімет бойынша ірі қара малы 101 мың, қой мен ешкі 217 мың, жылқы 44 мың, түйе 221 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда ірі қара 7,1%-ға, қой мен ешкі 0,9%-ға, жылқы 9,6%-ға, түйе 6,2%-ға артып отыр.

Асыл тұқымды ірі қара өсіретін 74, жылқы өсіретін 8, қой өсіретін
7 шаруашылықтар жұмыс жасауда.

Асыл тұқымды малдың үлесіне келер болсақ, 2021 жылы МІҚ 14%, қой 3,6%, жылқы 12%-ды құрады.

Өткен жылы 10 ұңғымалы, 1 шахталық құдық қаздырылды, лизинг арқылы 108 дана а/ш техникасы (с.і. 35 дана МТЗ маркалы тракторлар), асыл тұқымды 2144 бас МІҚ (766 бас бұқа, 1378 бас қашар) сатып алынса, соның
254 басы шет елден (РФ) («Жастілек», «Абу» ш/қ) алынды. Сонымен қоса, 732 бас асыл тұқымды қой (532 бас қошқар, 200 бас саулық) сатып алынды.

Шаруа құрылымдарымен 1 млрд. 511,8 млн.тг инвестиция (2020 жылы 1 млрд. 330,3 млн. тг.) тартылды және мал шаруашылығына 980 млн.тг. субсидияға қол жеткізілді (2020 жылы 960 млн. тг.).

Халықты қолжетімді бағамен, сапалы мал өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығында ашылған «Береке» базарында және Тайпақ ауылында 25 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды (Чапаевта-19, Тайпақта-6). Жәрмеңкеде 10,7 тонна – ет (7032 кг. - сиыр еті, 2852 кг. - жылқы еті, 903 кг. - қой еті), 660 кг. - балық өнімі, 9,6 тонна - көкөніс, 172 кг. – май-қаймақ 15-20%-ға төмен бағамен сатылды.

Осы орайда жалпы аудан, облыс көлемінде өткен ауыл шаруашылық жәрмеңкелеріне, қуаншылық кезінде Маңғыстау облысы жұртшылығына, көршілес аудандар мен аудан тұрғындарына мал азығы және қаржылай қолдау көрсету шараларына белсенді атсалысқан шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлерге зор ризашылық білдіремін.

Ауыл шаруашылығы саласындағы суландыру жүйелерін қалыпқа келтіру өзекті мәселелердің бірі.

Соңғы жылдары Жайық өзенінің деңгейі күрт төмендеуіне байланысты суландыру жүйелерінде су тапшылығы пайда болып, үй жануарларын сумен қамтамасыз етуге қиындық туғызуда.

Осы мәселені ретке келтіру мақсатында 2021 жылы Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына қажетті 1 млрд. 742 млн. теңгенің республикалық бюджеттен 529,0 млн. теңге қаржы бөлініп, мердігер жұмысын бастап кетті. 2021 жылы аталмыш суландыру жүйесінің 66 шақырымы тазартылды. Тазарту жұмыстары биылғы жылы да жалғасатын болады. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда 300 мың га. бос жатқан жерге инвестиция тартылып, даму қарқыны артуы жоспарлануда.

Қазіргі таңда Орал-Көшім жүйесінің жұмысын жақсарту мақсатында Жайық өзені арқылы Көшім каналына су құйылатын жеріне қосымша насос орнату жұмыстары жүргізілуде, аталған жоба ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Тоған (бұрынғы Киров) магистральды каналын қайта жаңарту жұмыстары басталды.

Алдағы уақытта Атамекен ауылы тұсынан Бағырлай суландыру жүйесіне Жайық өзенінен су жіберу мақсатында қалқымалы насос орнату жоспарлануда. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда каналды тиісті деңгейде сумен қамтылады деп күтілуде.

Бұған қоса аудан аумағында орналасқан тоғандар мен көлтанбарды сумен толтыру мақсатында ескі су арналарын тазалау жұмыстары басталады. Биыл Тайпақ (3 старица), Бударин (1 старица), Жаңабұлақ (1 старица) ауылдық округтеріндегі қарасуларды тазалау жұмыстары жүргізілетін болады. Бударин және Первомай каналдарына күрделі жөндеу жүргізу үшін Қазсушар республикалық мекемесіне ұсыныс жолданды.

Сонымен қатар 2021 жылы Чапаев, Жаңабұлақ ауылдары тұрғындарының малын сумен және Чапаев ауылын техникалық сумен қамтитын Карачин суландыру каналына ұзындығы 18,6 шақырым механикалық тазарту, тереңдету жұмыстары жүргізілді.

 

КӘСІПКЕРЛІК

Шағын және орта бизнес - қоғамның тұрақты дамуының негізі. Осы салада ауданда 1946 субъекті тіркелді. 2020 жылмен (1925 субъекті) салыстырғанда 1,1%-ға көбейді.

Ауданымызда «2021-2023 жылдарға шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары» қабылданып, биыл екінші жыл кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге арналған арнайы жұмыс тобы қызмет атқаруда.

Өткен жылы аудан көлемінде жалпы құны 360 млн. теңге құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба іске қосылып, 21 жаңа жұмыс орны ашылды («Батыс Қазақстан Бақтар әлемі» АӨК, «Жастілек» шаруа қожалығында репродуктор шаруашылығы құрылды, «Аманер» шаруа қожалығында жаңбырлатып суару қондырғыларын орнату, «Анашым» супермаркеті және т.б.).

Жұмыс тобымен бүгінгі күнге ірілі ұсақты 30 жоба сүйемелденуде. Соның ішінде Чапаев және Бударин ауылдарындағы жеке балабақшалар, Бударин ауылдық округінде сүт өнімдерін өндіретін цех, автокөлік жөндеу станциялары, өз-өзіне қызмет ететін автокөлік жуу орны, мал сою пукнті, қоғамдық тамақтандыру орны, бордақылау алаңы және т.б. жобалар бар. Аталған жобалар іске қосылған жағдайда өңірімізге 2022-2023 жылдары 1,5 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылады және 100-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

2021 жылы негізгі капиталға барлығы 6 млрд 208,7 млн. (2020 ж. – 8,1 млрд.тг.) инвестиция салынған. Соның ішінде 2 млрд 262,1 млн-ы (2020 ж. - 4,4 млрд.тг.) бюджеттік (1659,1 млн. республикалық бюджет және 603 млн. жергілікті бюджет) қаражат болса, 2 млрд 777,1 млн-ы (2020 ж.-2,9 млрд.тг.) меншікті қаражаттың (жеке инвестиция) үлесінде. Ауыл шаруашылығында тартылған инвестиция көлемі 1 млрд 511,8 млн. теңге (2020 ж.-1,3 млрд.тг.).

Әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы 80 (2020 ж.-124) кәсіпкерлік субъектісі 831, 5 млн. теңге (2020 ж.-1 млдр. 608 млн. тг.) несие алды.

 

ЖЕР САЛАСЫ

Ауданның жер аумағы 2,6 млн. га., оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 1,1 млн. га. құрайды.

Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және қайта ауыл шаруашылығы айналымына енгізу бойынша көлемі 16,6 мың га. құрайтын 14 жер учаскесінің жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.

2021 жылы жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен 12 конкурста 70,4 мың га көлеміндегі
59 жер учаскесі табысталды (соның ішінде 27 жаңа ШҚ, 2 АӨК, 2 ЖШС ашылды. 52%).

Күні бүгінге ауданымыздың 1,16 млн. га. жердің 90%-ы 1,04 млн. га. жер цифрландырылды.

Өткен жылы елді-мекендердің кәсіпкерлік мақсатта жалпы көлемі 7,5 га. 15 жер учаскесіне 4 аукцион өткізіліп, оның көлемі 2,5 га 8 жер учаскесі 2,1 млн. теңгеге сатылды.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ

Тұрғындардың жеке баспанамен қамтылуы – Мемлекет басшысының жолдауынан туындайтын басты бағдарлардың бірі. Ауданда тұрғын үй кезегінде әртүрлі санаттағы 601 адам тұр. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамту мақсатында
2021 жылы Чапаев ауылында екі 3 қабатты 48 пәтердің, Тайпақ ауылында бір 2 қабатты 12 пәтердің тұрғын үй құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан басқа 5 ауылға (Қабыршақты, Мерген, Ілбішін, Ақсуат, Алмалы) бір қабатты 2 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге конкурс жарияланып, жеңімпаздар анықталды. Чапаев ауылында алты
2 пәтерлік коммуналдық тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізілуде және 3 қабатты 36 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына жобалық сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптамадан өтуде. Сонымен қатар, биылғы жылы Тайпақ колледжі ғимаратын тұрғын үй ретінде қайта жаңарту жоспарланды.

Аудан тұрғындарының жеке тұрғын үй салу қарқыны да жыл санап үдеп келеді.

Тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін беру бойынша
2007 жылдан бастап 2660 тұрғын тіркелді, қазіргі таңда кезекте 1879 тұрғын тұр.

Өткен жылы 294 жер учаскесіне инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымының су және газ құбырының құрылыс жұмыстары аяқталса, қазіргі таңда электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң кезекте тұрған тұрғындарға пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 128 жер учаскесіне инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымының және Жайық ауылына 50 жер учаскесіне инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымының су, газ және электр желілерін тартуға жобалық сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптамадан өтуде.

2021 жыл бойынша 8087,7 ш.м. пайдалануға берілді (101%).

Биыл бұл көрсеткіш едәуір өсетініне күмән жоқ. Сонымен қатар ауылдарда үй салуға ниет білдірген азаматтар аз емес, алайда, бас жоспардың (генплан) болмауы құрылыс жұмыстарын бастауға өз кедергісін келтірді. Осы мәселені шешу мақсатында соңғы 2 жылда 45 елді мекеннің 24-не генплан жасақталды, биылғы жылы 10 елді мекенге жасақтау жоспарланды. 10 елді мекенге генплан жасақтау үшін
12 млн.теңге қаражат қажет етіледі (әр қайсысына 1,2 млн.тг).

 

АУЫЗ СУ

Халықты таза ауыз сумен қамту - мемлекеттің негізгі бағытының бірі.

2021 жылы ауылдарға ауыз су тарту жұмыстары жоспарлы түрде жалғасын тапты. Өткен жылы 1000-ға жуық тұрғындары бар (барлығы 821 адам) Самал, Мойылды ауылдары таза ауыз сумен қамтылып, Коловертное және Тасоба ауылдарында кешенді блок модуль орнатылды. Тінәлі ауылын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Нәтижесінде жылдың қорытындысы бойынша халықтың сумен қамтамасыз етілуі 95,9%-ды құрады (36 783 адам), (2020 ж. - 93,5% (36 424 адам).

Сонымен қатар Қабыл ауылына жобалық сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтуде. Үштөбе ауылына және халық саны 200-ден төмен Қарағай, Тоған, Жолап, Бітік ауылдарына кешенді блок-модуль орнату жоспарлануда.

Бүгінгі күннің өзекті мәселесі - ол Қабыршақты ауылын сапалы ауыз сумен қамту. Қазіргі уақытта тұрғындарға су Кушум каналынан берілуде. Ол әрине судың сапасына кері әсерін тигізуде. Сол себепті суды Көздіқара нүктесінен жер асты су қоймасынан тарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда.

Ұзақ жылдар бойы үлкен мәселеге айналған Чапаев ауылының су құбырын қайта жаңарту бойынша құжаттар рәсімдеуден толық өтіп, бүгінгі таңда мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жобаның құны 1,7 млрд.теңге. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін жүргізілгеніне 10-15 жыл болған Алғабас, Алмалы, Қарауылтөбе, Тайпақ ауылдық округтерінің су құбырлары қайта жаңартылатын болады.

Ауыз суды үнемдеудің және ауылды абаттандырудың ең бірінші ұтымды жолы ауылдарды жазғы техникалық су құбырымен қамту деп санаймын. Қазіргі кезде 18 ауылдық округ орталықтарының 9-ы техникалық сумен қамтылған. Бұл жұмыстар жоспарға сәйкес жыл сайын жергілікті бюджет қаржысына 2 ауылдан қамту арқылы жалғасып келе жатыр. Өткен жылы Базаршолан және Сарытоғай ауылдарына техникалық су жүргізілсе, биыл тағы 2 ауылды техникалық сумен қамту жоспарда бар.

 

ГАЗДАНДЫРУ

Аудан тұрғындарының көгілдір отын тартылған ауылдарда мекендейтін халықтың санымен шаққанда 99,3%-ы табиғи газбен қамтылды.

Ендігі кезектегі мақсат қалған халықты жыл сайын газбен қамту (21% 1779 үй).

Қазіргі таңда бір шағын елді мекен Баянтөбе ауылын (Базаршолан а/о), сонымен қатар газ құбыры жүргізілген бірақта, тек әлеуметтік нысандарға қосылып, тұрғын үйлерге өткізілмеген Қызылжар, Қадырқұл ауылдарын (Базартөбе а/о) және Қабыршақты ауылдық округіндегі «Құс фермасы» деп аталатын қыстақты толық газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

 

 

АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ

«Жақсы жол – елге жора» демекші, тоғыз жол тоғысқан ауданның дамуына, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруына жол қатынасының реттелуі оң ықпал етері сөзсіз.

2020 жылы басталған Жаңабұлақ ауылының кіреберіс жолдарын жөндеу жұмыстары 2021 жылы аяқталса, Алғабас ауылының кіреберіс жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда (барлығы 36 км). Бүгінгі күнге
25,6 шақырымы асфальтталса, биылғы жылға 10,4 шақырымы қалды.

Алдағы жылдары қолға алынатын жұмыстардың бірі – «Атырау-Орал» күрежолының бойындағы ауыл жолдарының жағдайын жақсарту.

Осы мақсатта өткен жылы округ орталықтарынан Тайпақ, Бударин, Ақсуат, Алмалы ауылдарының кіре беріс жолдарына жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптамадан өтті. Қабыршақты, Мерген ауылдарының кіре беріс жолдарына жобалық сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптамадан өтуде. Әрі қарай қалған елді мекендерді асфальт жолмен қамту үшін халық санына байланысты ЖСҚ жасақтайтын боламыз.

Чапаев ауылындағы ауылішілік жолдарының 15 көшесіне ұзындығы 8,9 км жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптамадан өтті. Сонымен қатар, Тайпақ ауылындағы ауылішілік жолдарының 4 көшесіне ұзындығы 3,5 км жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптамадан өтуде. Жайықтың арғы бетінде тұратын халықты сапалы жолмен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі.

Өткен жылы «Индер-Барбастау» жолының 43-93 шақырымында жөндеу жұмыстары басталды. Осы жұмыстарды Индер ауданына дейін толық жеткізу басты мақсатымыз болып табылады. Биылғы жылы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы біздің шекарадан бастап Есенсай ауылдық округінің Тасоба елді мекеніне дейін 55 шақырым ЖСҚ жасауда.

Сонымен қатар, аудан аумағында республикалық «Орал-Атырау» тас жолы 317 шақырымды құрайды. Аталған трассаны 1-ші санатқа ауыстырып, қайта құруға «Қазавтожол» мекемесімен ЖСҚ дайындау жұмыстары жүргізілуде.

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Жаңа экономикалық жағдайда халықты жұмыспен қамтамасыз етуге ерекше басымдық беріледі. Бұл тұста Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының маңызын атап өткен жөн.

Бағдарламаның І бағыты – «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» аясында жыл ішінде 30 адамды қысқа мерзімді курстарға жолдау жоспарланып, 51 адам жолданды, яғни жоспар 170,%-ға орындалды. Соның ішінде оқу курстарын аяқтаған 42 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Бағдарламаның ІІ бағыты – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша 275 адамды қамту жоспарланып, 01.01.2022 жылға 294 адам қатысты. Соның ішінде - «Бизнес бастау» жобасы бойынша 115 адамды оқыту жоспарланып, 145 адам жолдама берілді. Мал шаруашылығын дамыту бағытында 38 адамға несие беру жоспарланып, 27 адам 134923,0 мың теңге несие алды. Бағдарламаға қатысушы
122 адамға (оның ішінде жастар, көп балалы және табысы аз отбасылардың мүшелері еңбек етуге қабілетті мүгедектер сондай-ақ қоныс аударушылар мен оралмандар) 200 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып, 122 адам 71175,0 теңге қайтарымсыз грант алды.

Бағдарламаның ІІІ бағыты – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бойынша  жыл басынан мекемелерде босаған жұмыс орындарына 1105 адамды орналастыру жоспарланып, 01.01.2022 ж
1266 адам орналастырылды (114,5%).

Жастар практикасы бойынша 95 адамды жастар практикасымен қамту жоспарланды. Өткен жылы 103 жас маман жолдама алды (108,4%).

Әлеуметтік жұмыс орнына 139 адамды уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланып, 174 адам жолдама алды немесе 125,2%-ы құрап отыр.

Қоғамдық жұмыстарға 226 адам уақытша жұмысқа тарту жоспарланса, 667 адам немесе 295,1% жұмысқа тартылды. Барлық жоспарлы көрсеткіштер өз деңгейінде орындалып отыр.

Өткен жылы 216 отбасы 1130 адамға (207 шартты, 9 шартсыз ақшалай көмек) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 58,6 млн. теңге төленді.

Бір жолғы төлем алған 42 отбасы жеке қосалқы шаруасына мал сатып алды (15 бас МІҚ, 56 бас қой-ешкі, 1 бас жылқы, 45 үй құсы), 1 отбасы кәсіпкерлік саласына қажетті құралдарды алды (тігін машинасын).

АӘК алушы отбасындағы 65 еңбекке жарамды жұмыссыз мүшесінің 32 тұрақты, 27 ақылы қоғамдық, 1 әлеуметтік жұмыс орынына, 4 грант,
1 оқуға жолданды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасының ішінен
4 отбасы грант алып, қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысуда.

 

БІЛІМ САЛАСЫ

Ел болашағы – келешек ұрпақ екендігі дейтін болсақ, сол ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 45 білім беретін мектеп, онда
6400-ден астам оқушы білім алуда (24 орта, 12 негізгі, 9 бастауыш). 47 мектепке дейінгі ұйымда жалпы 1589 бала және 3 жеке балабақшада («Астана», «Жібек», «Аяна») 85 бала тәрбиеленуде. Аудан бойынша 3-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 100% болса, 1-3 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 68% құрайды.

Аудан бойынша 45 мектептің барлығына бейнекамера орнатылып, ішкі әжетханамен қамтылды.

Елімізде ҚР Президентінің 2021-2025 жылдары 800 жаңа мектептер салу тапсырмасын орындау мақсатында жаңа мектеп ғимараттарын тұрғызуға көңіл бөлінгені – қысқа мерзімде заманауи мектептерге қол жеткізу жолының бірі деп білеміз. Осыған байланысты облыстық білім басқармасының жаңа мектеп құрылыстарын жүргізуге арналған тізіміне
8 мектеп енгізілді. Соның ішінде тізімдегі апатты деп танылған Атамекен ауылындағы М.Өтемісов атындағы орта жалпы білім беретін мектебі және Жайық негізгі мектебінің жаңа ғимаратының құрылыс жұмыстары биыл басталуы жоспарлануда (2023 жылы Тайпақ мектеп гимназиясы, Үштөбе және Кеңсуат негізгі мектептері, 2024 жылы Томпақ ауылындағы Краснояр, Алғабас а/о-дегі Жаңажол және Қабыл ауылындағы Лбішін негізгі мектептерінің құрылысы жоспарланды).

Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында жыл сайын кезең-кезеңімен білім беру мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу мәселесі күн тәртібінде. 2021 жылы Тайпақ ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебі күрделі жөндеуден өту керек еді. Алайда, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша мердігер тарапынан сотқа талап-арыз түсіп, сот процесінің аяқталмауына байланысты жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Базартөбе орта мектебінің ғимаратына да күрделі жөндеу жұмыстары көзделген, барлық құжаттары дайын (2020 жылғы ЖСҚ 11.11.2021 жылы сараптамадан өтті). Бұл жобаны қаржыландыру үшін 441 107 мың теңге қажет.

Сонымен қатар Талап мектеп-бөбекжай кешені (Құрайлысай а/о), Қ.Байсықов атындағы (Тайпақ а/о), Ғ.Махамбетов атындағы (Базаршолан а/о), Жаңабұлақ орта жалпы білім беретін мектептерінде күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттамалар жасақтау бойынша құжаттар топтамасы жинақталуда.

2021-2022 оқу жылында 10 елді мекеннен УАЗ көлігі арқылы 110 оқушы күнделікті тасымалданады. (Бірінші ауысымда 54, екінші ауысымда 56 оқушы). Барлығы да ыстық тамақпен қамтылған.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Медициналық қызметтердің сапасы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің аса маңызды компоненті болып табылады.

Денсаулық сақтау саласында халыққа 46 медицина объектісі қызмет көрсетеді.

Өткір тұрған мәселелердің бірі – кадр мәселесі. Қажет мамандықтар бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Орал қалаларындағы жоғары оқу орындарының басшылықтарымен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 6 жоғары, 7 арнаулы орта білімді жас мамандар жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда да кардиолог, хирург, педиатр, гинеколог, инфекционист мамандықтарына қажеттілік бар.

Аудан бойынша 2022-2025 жылдары фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулатория құрылысы 9 ауылдық елді мекендерде жүргізу жоспарланғаны қуантады (Ақсуат, Алмалы, Базартөбе, Базаршолан, Жаңабұлақ, Көнеккеткен, Ж.Молдағалиев, Сайқұдық, Жанама, Битілеу). Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілетін нысандардың жер телімдері белгіленді.

Сонымен қатар күрделі жөндеу жүргізу үшін Тайпақ ауылдық ауруханасы және Жанажол, Шабдаржап, Сарман медициналық пункттерінің жобалық сметалық құжаттамалары жасақталып, сараптамадан өтті.

 

МӘДЕНИЕТ

Мәдениет пен руханият саласында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Ақсуат, Бударин, Мерген ауылдарындағы мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық–сметалық құжаттамалары сараптамадан өткізілді. Сонымен қоса, Көнеккеткен ауылында мәдениет үйі ғимаратының болмауына байланысты, жаңа нысанның құрылысын жүргізу үшін ЖСҚ жасақталып, сараптамаға жолдау үшін құжаттамалар топтамасы жинақталуда.

Қабыршақты мәдениет үйі және Томпақ, Шабдаржап ауылдық клубтары апатты деп танылды. Аталған мәдениет ғимараттарына жаңа құрылыс нысандарын салу қажет етеді.

 

СПОРТ

Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Бұқаралық спортпен аудан тұрғындарының 33,8%-ы шұғылданады. Балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, дене шынығуымен айналысуына жағдай жасау мақсатында соңғы жылдары 20 елді мекенде жасанды жабыны бар заманауи спорт алаңдары салынды. Өткен жылы Кеңсуат, Атамекен, Жаңажол елді мекендерінде спорт алаңы аяқталып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен елді мекендерде де дәл осындай алаңдар салуды жалғастырамыз. Сонымен қатар Чапаев ауылындағы орталық стадионды қайта жаңарту бойынша жобалық сметалық құжаттамалары жасақталуда.

Биыл аудан орталығында 320 орындық дене шынықтыру сауықтыру кешені құрылысының аяқталуы және Тайпақ ауылында 160 орындық дене шынықтыру сауықтыру кешені құрылысының басталуы күтілуде.

 

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫ

Қоғамдық тыныштық пен тұрақтылықтың ең бірінші кепілі - тәртіп пен заңдылықтың сақталуы екендігі белгілі.

Ауданымыздың құқық қорғау органдарымен заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда бірқатар жұмыстар атқарылуда.

2021 жылы аудан аймағында 205 қылмыс тіркелген, олардың ашылуы 91,5%-ды құрайды (2020 жылдың осы кезеңінде 279 қылмыс тіркеліп, ашылуы 82,4%).

Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өткен жылы Тайпақ ауылының көшелеріне 15 камера орнатылып (4,9 млн. тг.), бейнебақылау жүйесі Тайпақ полиция бөлімінің шұғыл басқару орталығына қосылды. Биылғы жылы дәл осындай әдіспен аудан орталығына 63 камера орнатылатын болады (57 млн.тг.).

Күрделі мәселелердің бірі ол үй жануарларының қатысуымен болатын жол көлік оқиғалары және мал ұрлығы. Өткен жылы аудан аумағында 38 (2020 ж.-32) жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның ішінде 23 үй жануарының иесі анықталмауына байланысты, белгісіз тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-нің 620 бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды, анықталған 13 үй жануарының иесі ҚР ӘҚБтК-нің 615 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өткен жылы ауданда мал ұрлығы бойынша 36 (даладан-17) қылмыс (2020 ж-88, даладан-38) тіркелді.

Мал ұрлығының алдын алу және ашу мақсатында аудандық полиция бөлімімен кешенді түрде шаралар қабылданып, қылмыстық істердің негізінде жедел іздестіру іс-шаралары жүзеге асырылуда. Ашылмаған қылмыстық істердің 9 фактісі еркін жайылымнан орын алған, яғни бағымсыз жүргенінің салдарынан болып отыр.

Осыған байланысты 2019 жылы Чапаев ауылында бағымсыз жүрген малдарды қамауға арналған айыппұл тұрағын ашқан болатынбыз. Бүгінде жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға беріліп, жұмысын жүргізіп жатыр.

Орал-Атырау тас жолы бойында орналасқан 7 ауылдық округ орталықтарында (Бударин, Жаңабұлақ, Мерген, Ілбішін, Ақсуат, Алмалы, Тайпақ) айыппұл тұрағын ашуды жоспарлап отырмыз. Осы ауылдық округтерде мемлекеттік тіркеуден өтіп, қазіргі уақытта сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүргізілуде.

2021 жылы айыппұл тұрағына 500 бас мал (с.і. 427 бас ірі қара, 73 жылқы) қамалды. Әкімшілік кодексінің ҚР-сы ӘҚБтК-не 408; 505 баптары бойынша полиция бөлімімен 263 хаттама (Ақжайық 229, Тайпақ 34) толтырылып, 1 258 726 теңге (Ақжайық 1 063 087 тг., Тайпақ 195 639 тг.) айыппұл салынды.

Малдың қатысуымен болатын жол көлік оқиғалары және мал ұрлығы өзекті мәселеге айналуына байланысты ауданда мал бағымын ұйымдастыру және жол-көлік оқиғасының алдын алу бойынша шұғыл іс-шаралар жоспары жасақталды.

Жоспарға сәйкес барлық елді мекендерде тұрғындармен кездесулер өткізілді.

Нәтижесінде өткен жылы аудан бойынша ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері арқылы 27, бақташы арқылы 25 бағытта мал бағымы ұйымдастырылып, бағылды. Аталған бағыттағы жұмыстарды биылғы жылы да жүйелі түрде жалғастыруды ұйымдастыруымыз қажет.

 

ЖАСТАР САЯСАТЫ

Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Ауданда жастар саны жалпы халықтың 20%-н құрайды (7896 жас).

Аудан жастарының жұмыссыздық деңгейін қысқарту мақсатында «Жастарға Жұмыс!» бос орындар жәрмеңкесі облыс көлемінде 4 рет
(1 оффлайн, 3 онлайн форматта), аудан көлемінде 2 рет өткізілді. Нәтижесінде жыл басынан бері жұмыссыздыққа тіркелген 260 жастың 109-ы тұрақты жұмысқа жолданды (53%).

Жас мамандарға алғашқы жұмыс орынын ұйымдастыру, тұрақты жұмысқа орналасуына ықпалдасу мақсатында «Жасыл Ел» студенттік еңбек жасақтары қатарында 77 жас (Ақжол 10, Ақсуат 10, Алмалы 10, Бударин 2, Мерген 8, Тайпақ 4, Чапаев 33), соның  17-сі  әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, студенттік құрылыс жасақтары қатарында 10 жас уақытша жұмыспен қамтылды (Чапаев 5 адам, Тайпақ 3 адам, Ақсуат 2 адам).

Ауданда 34 волонтерлік ұйым, 329 волонтер тіркеуде бар, олардың 194-і мемлекеттік мекеме қызметкерлері болса, 135-і ауылдық окрутердегі белсенді азаматтар (оқушылар, студенттер, кәсіпкерлер) қатарынан.

Жастар мен волонтерлердің бастамасымен аз қамтылған, көп балалы отбасыларға азық-түлік пен жәрдемдесу, мекенжайлық көмек көрсету мақсатында жыл басынан бері 63 шара ұйымдастырып, 592 адамға көмек көрсетілді.

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында аудан жастары мен волонтерлер аз қамтылған, көп балалы отбасыларға азық-түлікпен жәрдемдесу, мекенжайлық көмек көрсету мақсатында
89 шара ұйымдастырып, 722 адамға көмек көрсетті.

Сонымен қатар, жастарды әлеуметтік қолдау, ауылдық жерлерге білікті жас кадрларды тартуға бағытталған «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында аталмыш бағдарлама бойынша өткен жылы түрлі саланың 80 маманына 23,3 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, ал 71 маманға тұрғын үй сатып алуға 299,9 млн. теңге бюджеттік несие берілген болатын.

 

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді іске асыру мақсатында ауданымызда іс-шаралар жоспары жасақталып, жүзеге асырылуда.

«Туған жер» бағдарламасы аясында меценаттардың, ел азаматтарының көмегімен 2017 жылы 11,5 млн. теңгеге 21 жоба жүзеге асты. 2018 жылы 70,4 млн. теңгеге 45 жоба, 2019 жылы 43,3 млн. теңгеге 31 жоба, 2020 жылы 53,1 млн. теңгеге 15 жоба, 2021 жылы 30,5 млн. теңгеге 23 жоба жүзеге асырылды. 4 жыл ішінде 135 жоба меценаттардың мектеп түлектерінің көмегімен жүзеге асырылған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғалы 4 жыл ішінде ауданымыздың елді-мекендерінде бірнеше саябақтар, сахналар, ескерткіш тақталар, спорт және балалар ойын алаңдарының құрылысы, абаттандыру мақсатында техникалық сумен қамтамасыз ету, электр желісін тарту сияқты көптеген жұмыстар жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл ел азаматтарының туған жеріне деген сүйіспеншілігі, шынайы патриотизмнің айрықша көрінісі деп білемін.

Мақала жарық көргелі барлық ауылдық округтерде  патриоттар, жерлестер форумдары дәстүрлі өткізіліп келеді. Әр түрлі жобаларды іске асырған жанашыр жандарды «Жомарт жүрек» сыйлығының аталымдарымен марапатталады. Алдағы уақытта да «Туған жер» бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстар өз жалғасын табатынына сенеміз.

Осымен баяндамам аяқталды.

Алдағы уақытта бірлігіміз бекем болып, жұдырықтай жұмыла білсек, алар асуларымыз бен жарқын жетістіктеріміздің артатынына сенімдімін. Осы орайда, баршаңызға еліміздің өркендеуі және халқымыздың игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Дата публикации
09 февраля 2022