Құрметті Қалияр Шадиярұлы!
Құрметті Ақсуат ауылының тұрғындары!
Ақсуат ауылдық округінің халық саны – 828 адам. Олардың
98-і – зейнеткер (оның ішінде тыл ардагерлері - 4), 34 – студент,
125 – мектеп оқушылары, 93 – мектеп жасына дейінгі балалар және 458 адам тұрғындардың белсенді бөлігі.
Аулалар саны – 217, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылығы бары – 116 аула. Жеке қосалқы шаруашылығы жоқтар, яғни үй жануарларын өсірумен айналыспайтындар – 101 аула.
Экономика және қаржы
Ауылдық округ әкімі аппаратының 2021 жылғы бюджеті
31 млн. 160 мың теңгені құрады. Жыл соңына дейін бюджеттің шығыс бөлігі толықтай игеріліп, жоспар 100%-ға орындалды. Бюджет қаржысы 2021 жылы өткен жылмен салыстырғанда 2 млн 160 мың теңгеге артық болды.
Жыл бойына берілген салық жоспары 1 млн 130 мың теңге болса, жоспар артығымен 2 млн 256 мың теңгеге орындалды. Соның ішінде жер салығы -6 мың 600 теңге, мүлік салығы – 40 мың 450 теңге, техника салығы – 1 млн 818 мың теңгені құрады.
Білім беру
Білім беру саласында С.Ошанов атындағы ЖОББМ және Ақбұлақ бастауыш мектеп қызмет жасайды. Мектептер жанында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын орталық бар. Округ бойынша жаңа оқу жылындағы оқушылар саны-126. Былтырғы оқу жылында 11 сыныпты 7 оқушы аяқтады. 5-еуі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 4 оқушы жоғары оқу орындарына грант бөліміне оқуға түсті.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерге 21 бейне бақылау камерасы орнатылған және мектеп ішілік әжетханамен қамтамасыз етілген.
С.Ошанов мектебіне Ақбұлақ ауылынан 15 оқушы, Сахарный қыстағынан 4 оқушы тасымалданады.
Мектебімізге жыл сайын мектеп түлектері демеушілік көрсетіп отырады. Атап өтсек: Мектеп бітіргендеріне 25 жыл болған мектеп түлектері 50 мың теңгеге шаруашылық заттарын алып берсе, 15 жыл болған мектеп түлектері 230 мыңға теледидар мен Отау тв спутниктік антенасын алып берді және мектеп жылыжайына гүл сыйлады.
Сондай-ақ 1992 жылғы түлектер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына 30 оқушыға 85 мың теңге көлемінде қаражатқа спорт және мектеп құралдарын алып берді.
Денсаулық сақтау
Денсаулық сақтау саласында Ақсуат фельдшерлік-амбулаториялық пункті және Ақбұлақ елді-мекенінде 1 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетуде. Ауылдық округке медицина мамандары тапшы болып отыр. Ақбұлақ ауылының фельдшері зейнет жасына шыққалы ауыл екі жыл дәрігерсіз отыр. Ақсуат ауылы да екі-үш ай дәрігерсіз қалып, қазіргі уақытта ауылымыздың түлегі жас маман Самал Мэлсқызы оқуын бітіріп келіп, жұмыс жасауда.
Есепті кезеңде 9 сәби дүниеге келді, 7 адам қайтыс болды.
Короновирус инфекциясының алдын-алу шаралары жүргізілуде, ауылдық округте вакцина алуға тиіс 18-65 жас аралығында 407 тұрғын бар, соның ішінде жалпы вакцина алғандар саны - 256 адам, бұл вакцина алуға тиіс адамдардың 63%-ын құрайды. Бүгінгі күнге ревакцинация алуға тиіс тұрғындар саны - 98, соның ішінде 20 тұрғын ревакцинация алды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Абаттандыру
Округ аумағында санитарлық жағдай мен тазалықты сақтау мақсатында қоғамдық жұмысшылар көмегімен үнемі қоқыс қалдықтары жиналып тұрады.
2021 жылы тұрғындардың жеке күл-қоқыстарын шығаруға Орал қаласынан ЖК өзінің Камаз маркалы жүк көлігі мен қоқыс тиеуге арналған арнайы техникасын жіберді. Округ аумағынан 60 рейс, яғни 1200 тоннадай қоқыс қалдықтары шығарылды.
Ақбұлақ елді-мекенінде Каленый орман шаруашылығы қызмет атқарады. Орман шаруашылығы 2 жылдан бері тұқымбақ өсірумен айналысуда.
Қазіргі кезде тұқымбақтағы ағаш көшеттерін күтіп-баптау, аудан көлеміндегі мекемелерден сұраныс болған жағдайда ағаш көшеттерін жеткізу жұмыстарымен айналысады.
Жалпыхалықтық сенбіліктер кезінде мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар жеке кәсіпкерлік субъектілері өзіне қарасты аумақтарын қоқыс қалдықтарынан тазалап 2021 жылы 15 тоннаға жуық қоқыс қалдықтары шығарылды.
Сондай-ақ, табиғатты қорғау, жастарды жұмыспен қамту мақсатында құрылған «Жасыл ел» жасағына ауылдық округтен 10 студент 1 ай мерзімге жұмыспен қамтылды 2 студент ауылдық округте салынып жатырған мешіт құрылысына көмектесті. Есқалиев Арсен Ролланұлы құрылысшылар мерекесіне орай облыс басшысы Есқалиев Ғали Нәжімеденұлының Алғыс хатымен марапатталса, Мұрат Елдар «Жасыл ел» облыстық штаб жетекшісі Аслан Тапишевтің Алғыс хатымен марапатталды.
2021 жылы ауылдық округтегі зираттар есепке алынып, жерлерін рәсімдеу жұмыстары аяқталды, мемлекеттік жер актілері алынды.
Мәдениет және спорт
Округ аумағында жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында қызмет ететін 2 кітапхана, 1 мәдениет үйі бар. Мәдениет үйі өздеріңіз көріп тұрғандай күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Кітапханалардағы жалпы кітап қоры-24 186 кітапты құрайды.
Ауылдық Мәдениет үйі жанынан құрылған «Нұрбибі» әжелер ансамблі аудандық байқауда 3 дәрежелі дипломмен марапатталса, мәдениет үйінің директоры Лиза Айбарқызы КСРО халық әртісі Роза Бағлановаға арналған «Ғасыр әншісі Роза» атты байқауда 2 дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тәжірибелі кітапханашы Бақтығаным Жолдығалиқызы Мусагалиева Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Өткен жылғы ауқымды шаралардың бірі - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері, «Жайықтың ақ шағаласы» атанған жерлес ақынымыз Ақұштап Бақтыгереевамен кездесудің өтуі. Кездесуде жас ұрпақ тәрбиесі, ұлттық тәрбие, қыз-келіншектердің тарбиесі, кәсіппен айналысуы төңірегінде өзекті мәселелер айтылып, мектеп оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты ауыл түлегі, Семей қаласындағы «Дариға-ай» Жастар театрының режисері, республикалық театр фестивалдерінде өзіндік ой-тұжырымдарымен көзге түсіп жүрген Гаухар Адай ауылдастарына «Тәуелсіздік біздің ұранымыз» атты композициялық қойылымын тарту етті. Қойылымға С.Ошанов ЖОББМ оқушылары қатысып, өздерінің актерлік шеберліктерін көрсетті.
Жеке кәсіпкер Сейткереева Лазат Мұратқызы Ақсуат ауылында жаңа мешіт құрылысын салуда, ауа райына байланысты қазіргі кезде мешіт құрылысы тоқтап тұр. Күн жылынысымен құрылыс жұмысы қайта жалғасатын болады. Мешіт күмбезі жасалып, шатырын жабуға арналған құрылыс материалдары дайын тұр.
Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау
«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының I бағыты бойынша 12 ай ішінде кәсіби білім алуға 1 адам жіберіліп, грант иесі атанды. Жыл басынан бері 79 адам жұмыспен қамтылды.
Каленый орман шаруашылығына 4 адам, басқа да мекемелерге 13 адам тұрақты жұмысқа, 22 адам маусымдық жұмысқа және «Еңбек келісім шартын жасайық» атты акциясы аясында 23 шаруа қожалыққа 39 адам еңбек шарты негізінде жұмысқа орналастырылды. 3 жас маман жастар тәжірибесінен өтті.
2021 жылы 2 отбасыға 488 848 теңге балалар жәрдемақысы төленді. Сонымен қатар денсаулығына және басқа да тұрмыстық жағдайларға байланысты аудан әкімі жанындағы арнайы комиссия шешімімен 23 адамға 977 195 теңге көлемінде бір жолғы материалдық көмек берілді.
Бүгінгі таңда барлық санаттағы мүгедектер саны – 20. Соның ішінде II топтағы 10 адам, III топтағы 7 адам және 18 жасқа дейінгі бала кезден мүмкіндігі шектеулі бала саны – 3. «Капустин Яр» полигонынан зарлап шеккендерге төленетін жәрдемақы ай сайын уақытылы төленіп келеді.
Жастар жетекшісінің, әлеуметтік маманның бастауымен бір топ ауыл жастары көмекке мұқтаж жалғызбасты қария Кусайнова Лиудзина, Койшибекова Гулжауар және Жәмила Избасарованың үйін майлап, ауласын тазалап, қысқы отынын дайындауға көмек көрсетті.
Аз қамтылған және көп балалы 13 отбасыға Каленый орман шаруашылығынан жеңілдетілген бағамен отын берілді.
Ауыл шаруашылығы
Қазіргі таңда округ аумағындағы ірі қара мал саны 5677, қой-ешкі саны 5736 және жылқы саны 6344. Есепті кезеңде 26 900 тонна мал азығы дайындалып, жоспар орындалды.
Ақсуат ауылдық округінде Ветеринарлық телім қызмет атқарады. Мал басын бірдейлендіру, әртүрлі аурулардың алдын алу бағытындағы тексеріс жұмыстары уақытылы жүргізіліп тұрады. Бруцеллез ауруына 5677 бас ірі қара мен 5736 қой-ешкі зерттеліп, 1 ірі қара малы оң нәтиже беріп, ауру тіркелген 1 аулаға бұқарлау жұмыстары жүргізілді.
Берілген слайдтан көріп отырғандарыңыздай жыл сайын округ аумағында жылқы малының саны артып келеді. Қазіргі кезде жол көлік оқиғалаларының көпшілігі үй жануарларының қатысуымен, әсіресе жылқы малының қатысуымен орын алуда. Жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 2380 бас жылқы малына жарық шағылыстырғыш лента тағылды. Сонымен қатар, жылқышы жігіттер жылқыларға джпс навигатор орнатуда. Ол бір жағынан үй жануарын даладан іздеуге септігін тигізсе, екінші жағынан джпс арқылы жылқыларының тас жолға жақындап қалғанын көріп, жолдан өткізіп жіберуге септігін тигізуде.
Ауылдық округтің негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан малдың асылдандырылуына көп көңіл бөлінуде. 2021 жылы «Рахат» шаруа қожалығы 2 бас, «Баянауыл» шаруа қожалығы 3 бас, «Ернұр-Ж» шаруа қожалығы 10 бас, «Мұқадес» шаруа қожалығы 6 бас, «Жамбыл» шаруа қожалығы 2 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. «Жасұлан» шаруа қожалығы 70 бас, «Құлет» шаруа қожалығы 12 бас, «Ұялы» шаруа қожалығы 12 бас, «Ақжан» шаруа қожалығы 46 бас, «Мұқадес» шаруа қожалығы 50 бас асыл тұқымды аналық мал (қашар) сатып алды. Селекциялық және асылдандыру жұмыстарына қатысқан 11 шаруа қожалық Үкімет тарапынан берілген 43 млн 950 мың теңге демеуқаржыға қол жеткізді.
Жалпы есепті кезең ішінде округ бойынша ауыл шаруашылық техникасын сатып алудан 21 млн. теңге инвестициялық субсидияға қол жеткізілді.
Сондай-ақ, 2021 жылы құны 1 млн 300 мың теңге қаражатқа округ аумағындағы ауыл шаруашылығы малдарына су ішуге арналған 2 құдық қазылып, мал жайылымға шыққанша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Құдық қазу жұмыстарын «Adal-07» ЖШС-і жүргізді.
Ақсуат ауылында ауыл шаруашылығы малдарына арналған айыптұрақтың жерін рәсімдеу жұмыстары аяқталды. Жер актісі алынды, жеке кәсіпкерге беру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Шағын және орта бизнес
2021 жылы кәсіпкерлік субьектілерінің жалпы саны 44-ті құрап отыр. Оның 19-ы жеке кәсіпкерлер, 23-і шаруа қожалығы және 2-еуі Жауапкерлігі шектеулі серіктестігі және 1-еуі Ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі. Экономиканың осы секторында 67 адам еңбекпен қамтылып отыр. Жеке кәсіпкер Л.Сейткереева 9 бас сүтті сиыр алып, сүт өнімдерін жасап, сату ісімен айналысуда. Алдағы уақытта кәсіпкер Ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, сүт өнімдерін өндіретін цех ашуды жоспарлауда.
Округтің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы
Ауылдық округ 2008 жылдан бастап көгілдір отынмен қамтылса, 2017 жылдан бері таза ауыз судың игілігін көруде. Ақбұлақ ауылына көгілдір отын 2020 жылы жүргізілген болатын.
Есепті кезең ішінде 25 дана жарықтандыру шамдары сатып алынып, Ақбұлақ және Ақсуат ауылдарында көше шамдарын алмастыру жұмыстары жүргізілді.
Ауа райының қолайсыз уақыттарында линиялардың тозығы жетуіне байланысты жарықтың жиі өшуі орын алып отырады.
Ауылдық округте Ақсуат ФАП-нен басқа мекемелердің барлығы генераторлармен жабдықталған.
Төтенше жағдайлармен күрес
Өткен жылы округ бойынша орман және дала өрттері орын алмады. Алайда, тілсіз жаудан Ақсуат ауылында 9 отбасы жапа шекті. Адам және мал шығыны жоқ. Оларға қора-жайларының өртенуіне байланысты бір жолғы материалдық көмек берілді және орман шаруашылығы мекемесі құрылыс материалдарымен көмектесті. Осыған орай әсіресе жаз мезгілінде өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтап, балаларыңызды жазғы демалыс кезеңінде қараусыз қалдырмауларыңыз сұралады.
Ауылдық округ Орал-Атырау тасжолы бойында орналасқандықтан қысқы мезгілде тұрып қалған көліктерді уақытша орналастырып, жылыту пункті ретінде пайдалану бойынша жол бойындағы қоғамдық тамақтандыру орындарымен де келісімшарттар жасалды.
Есепті кезең ішінде орын алған жол-көлік оқиғалары кезінде ауылымызда бар техникалардың көмегімен барынша көмектер көрсетілді.
Аз қамтылған, көп балалы 5 отбасыға «Құлет» шаруа қожалығының жетекшісі Кұлетов Алтынбек Әмірұлының демеушілігімен газ талдағыш (газ анализатор) алынып берілді.
Сыбайлас жемқорлықпен, құқықбұзушылықпен күрес
2021 жылдың 12 айы ішінде 7 құқық бұзушылық орын алды, соның ішінде 5 қылмыстық іс ашылып, округ бойынша 140 әкімшілік хаттама толтырылды.
Өткен жылғы халыққа есеп беру кезінде тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар мен ескертпелер туралы
2022 жылға жоспар
Құрметті тұрғындар!
Жыл бойы атқарылған жұмыс аз емес. Бұл нәтижеге өңір және аудандық басшылықтың, депутаттардың, аудандық коммуналдық мекемелердің және сіздердің қолдауларыңызбен, баршамыздың бірігіп атқарған еңбегіміздің нәтижесінде қол жеткіздік. 2022 жылы да «бір жұдырық болып жұмылып» тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу және қолайлы жағдай туғызу жолында нәтижелі жұмыс атқарамыз деген сенімдемін.
Назарларыңызға рахмет!