Ақжайық ауданы Құрайлысай ауылдық округінің әкімі О.Т.Джапашевтың 2021 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп беру кездесуіне арналған БАЯНДАМАСЫ

Құрметті жиынға қатысушылар!

Сіздерге 2021 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндауға рұқсат етіңіздер. Жалпы Құрайлысай а/о жер көлемі 126.891 га. Жалпы 313 аула болса, 424 отбасында 1512 адам тұрады. Оның ішінде зейнеткерлер 183 азамат болса 42 азамат мүгедектігіне байланысты зейнетақы алады. 275 азамат жұмыс жасайды.

 

Қаржы және экономика саласы.

2021 жылға жылдық бюджет 32 млн 248 мың теңгені құраған болатын. Жергілікті салық жыл бойынша 1 595 409 теңгені құрады (жер салығы 9573 теңге, мүлік салығы 44157 теңге, техника салығы 1 413 040 теңге). Бұдан өзге мүлікті жалға беруден: 128 639 теңге түсті. Аталған қаражаттар аудандық экономика бөлімімен келісіліп жұмсалып отырды. Қазақстан Республикасының жергілікті және Мемлекеттік өзін-өзі басқару туралы Заңының талаптары бойынша 2020 жылдан бастап халық саны

2 мың тұрғынға жетпейтін округтер 4-деңгейлі бюджетке көшірілген болатын. Бұл жерде түскен салықтарды жергілікті қауымдастықпен келісілген түрде жұмсау көзделген болатын. Алай да бүгінгі күнге түсім қандай да болмасын қарқынды істер бітіруге аздық қылады. Бұл мақсатта алдағы уақытта салық түсімдерін жетілдіру бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Белгілі бір межеге жеткен жағдайда жергілікті қауымдастық жиналысы арқылы осы мәселе шешілетін болады.

 

Ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік саласы

2021 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара малы 5553, қой мен ешкі 8797, жылқы 1268, құс 519 басты құрады. Бұл 2020 жылдың соңында ірі қара малы 5194, қой мен ешкі 8042, жылқы 1226, құс 497  басты құраған болатын. Демек бұл орайда малдың өсімі мүйізді ірі қара 359, қой-ешкі 860, жылқы 42, құс22 басқа болғаны анықталды.  Аталған малдардың ішінде сібір жарасы, қарасан аурулурына ветеринариялық алдын алу шараларынан өткізілген болатын. Бруцеллез ауруына шалдыққан малдар 55 бас ірі қара. Бұл өкінішті. 2020 жылы 27 бас ірі қара малы ауырған болатын. Мамандармен ауру шыққан малдар зерттеліп, себептері анықталып, алдын алу шаралары қабылдануда. Ауылдық округ бойынша 27 шаруа қожалығы бар. 2021 жылы жаңадан
1 қожалық ашылды. Оның ішінде 12 шаруа қожалығы малды асылдандыру жұмыстарымен айналысады. Бау-бақша өсірумен айналысатын қожалықтар жоқ. Ауыл шаруашылығына тиісті инвестиция тартылып, ауыл шаруашылық техникаларына, асыл тұқымды мал алуға жұмсалған.

Округімізде 6 сауда нүктесі бар, олар тұрғындарды азық-түлік және киім кешекпен қамтып, жұмыс жасуда. Өткізілген мерекелік іс-шараларға ат салысып, демеушіліктерін көрсетуде. Округте 2020 жылы 12 азамат 550.000 теңге көлемінде гранттар ұтып алып өздерінің жеке кәсіптерін ашқан болатын. Оның ішінде қой шаруашылығы, ет өнімдерін өңдеу, құс өсіру, тігін цехы бар. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады.

 

Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау

Округте жұмыссыздықпен күресудің бір жолы ол қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру болып табылады. 2021 жылдың басында жұмыссыз ретінде тіркелген: 210 азамат болса, ақылы қоғамдық жұмысқа бөлінген орындарға кезек бойынша 99 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Жұмысқа орналасқандар мен жаңадан жұмыссыз ретінде тіркелгендерді қоса санағанда 2022 жылдың 1 қаңтар бойынша жұмыссыздар саны: 176 азамат. Есепті мерзімде 8 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген 1 жас маман жәрдемақысын алып, тұрғын үй сатып алды. Алғашқы жұмыс орыны бойынша 3 жас маман жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына бөлінген орындар бойынша 3 азамат жұмыс жасауда. Алай да осы бағытта жұмыстарды орындау мақсатында толық түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылға 7 орынға сұраныс берілген болатын. 36 отбасы бір жолдық материалдық көмектер алды. Оның ішінде тұрмысы төмен болуына орай-22, денсаулығына байланысты-10, 90 жасқа толуына-2, өрт оқиғалары бойынша-2 адам.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны-19.Грант алған адам саны-8 адам, жалпы соммасы- 4 667 200 тг.

 

Білім беру саласы

Ауылдық округте 2- мектеп, 1- мектеп жанындағы балабақша,
1 шағын орталық бар. Бүгінгі таңда Талап МБК бойынша 35- мұғалім 168- оқушыға білім беруде. Соның ішінде жоғары білімді-27, арнаулы орта білімді-8 мұғалім бар. 124-оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Биылғы жылы – 18 оқушы мектеп бітірді, оның 8-і ЖОО-на, 6-уы грант, 2-уі ақылы. 10-орта арнаулы оқу орындарына оқуға түсті. ҰБТ орташа балы Талап МБК - 76,5%, Ж.Молдағалиев мектебі - 90% көрсеткішке ие.

Биылғы оқу жылында тәрбиелік мәні зор көптеген іс шаралар соның ішінде 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығындағы республикалық «Мектепке жол» акциясы өткізілген болатын. Акция барысында 28 оқушыға 350 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оған мектеп ұжымдары, ауыл әкімшілігі, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мал дәрігерлері, электросеть қызметкерлері оқушыларымызды оқу құралдарымен және қажетті заттарымен қамтамасыз етті.

Ж.Молдағалиев атындағы мектебі бойынша 26 мұғалім, соның ішінде 23 жоғарғы, 3 арнаулы орта білімді мұғалімдер. Оқушы саны 82. Ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны 57. «Мектепке жол» акциясы барысында 18 оқушыға 102 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді.

 

Денсаулық сақтау саласы бойынша:

Округ бойынша 2 ем алу мекемелері қызмет көрсетуде. Құрайлысай ауылдық округінде селолық дәрігерлік амбулатория және Сайқұдық елді мекенінде 1 медициналық пунктері қызмет көрсетуде.

Штат саны 1 дәрігер, 6 орта медициналық қызметкерлері бар. Аталған медициналық бөлімшелері, дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтармен қамтылған. Ауылдық дәрігерлік пункті телефон байланысымен, УАЗ автокөлігімен және қысқы мезгілге газбен қамтылған. Мектеп пен балабақшада 2 медбике қызмет етеді. Есепті кезеңде 22 сәби өмірге келіп, 9 адам дүниеден озды. Округ бойынша биылғы жылы скрингтік тексеруден өтуге тиісті азаматтар толық тексеруден өтті.

 

Мәдениет және спорт саласы:

Ауылдық округте 1 мәдениет үйі, 1 ауылдық клуб, 2 кітапхана халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Мәдениет саласында 6 адам қызмет жасайды. 7 үйірме жұмыс жасайды. Ән үйірмесіне 16 адам, әжелер үйірмесіне 9 адам, би үйірмесіне 16 адам, драма үйірмесіне 13 адам, домбыра үйірмесіне 20 адам қатысуда.

Мәдениет саласында көптеген шаралар пандемияға байланысты онлайн форматта өткен болатын. Сонымен қатар тағы бір қуантарлық жағдай Құрайлысай кітапханасы комьюнити орталығы ретінде қайта жабдықталған болса, Сайқұдық ауылындағы кітапхана заманауи үлгімен жабдықталып, алдына ақындар аллеясы саябақ орнатылды. Аталған шаралар ақиық ақын Ж.Молдағалиевтың 100 – жылдығы қарсаңында атқарылған болатын.   

 

Ауыз сумен және табиғи газбен қамту

Округке табиғи газ құбыры 2015 жылы жүргізілген. Бұрын 185 үйге газ тартылған болса. 2020 жылы 26 үйге табиғи газ жүйесі тартылды. Яғни 70 пайызы газбен қамтылды. Сайқұдық ауылына ауыз су 100 пайыз тартылса, Жұбан ауылында 157 үйге су кіріп тұр (74 пайызы). Сайқұдық ауылында түгел тартылған. Сайқұдық газ 77 үйге, 4 мекемеге,
2021 жылы 5 үйге кірді.

Сайқұдық су 105 үй мен 4-мекемеге кіргізілген (100 пайыз).

 

Жол қатынасы, телефон байланысы, электр жеткізу және тазалық мәселесі

Жалпы округ бойынша Көнеккеткен–Құрайлысай 30 шақырым, Құрайлысай-Сайқұдық 30 шақырым аудандық маңызы бар грейдер жолы бар. Осы жолдардың кейбір бөліктері аласарып нашарлауына байланысты болашақта жөндеуді қажет етеді.

Жаз, күз мезгілдерінде Сырым ауданынан шөп тасымалдағын жүк көліктерінің әсерінен жолдың кейбір бөліктері бүлініп, оларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Ж.Молдағалиев ауылына кіре беріс жерде 2018 жылдан бері жасалып жатырған 500 метр жол былтырғы жылы үлкейтіліп биіктетілген болатын. Осы учаскені реттеу жұмыстары 2021 жылы да жалғасын табатын болады. Сайқұдық ауылына да кіре беріс жерге ұзындығы 800 метр болатын жол көтерілген болатын. Алай да бұл учаскені де болашақта биіктету жоспарымыз бар.

Жалпы округ бойынша электр желісі жөнінде шағымдар жоқ. Бұл ретте қауіпсіздік мақсатында трансформаторларды қоршау жұмыстарын ұйымдастыруымыз қажет. Ж.Молдағалиев ауылында орнатылған Билайн байланыс жүйесінің қабылдағышына 4G интернет желісі орнатылды. Сайқұдық ауылына Кселл байланыс желісі орнатылған болатын. Алай да оның интернет желісі бүгінгі күнге әлсіз. Мекеме қызметкерлерінің айтулары бойынша Қазақтелеком АҚ тиісті құжаттар рәсімделгеннен кейін талшықты интернет желісіне қосылып, бұл мәселе шешілетін болады.

2020 жылдың сәуір айынан бастап қордаланған қоқысты шығару бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Көптен бері шығарылмай жүрген қордалаған қоқыстар таусылды, ал кейбіреулерінің 50 пайыздары шығарылды. Сайқұдық ауылы тұрғындарының өтініштері бойынша Ащы су арнасының Өлеңті өзеніне құятын сағасы бітелді. Сайқұдық ауылында ауыл іргесіне дейін созылып кіріп жатырған күл-қоқыс полигоны тазаланды. Жұбан ауылындағы полигон да ретке келтірілуде. Әрине бұл ретте түсіністікпен қарап өз қаражаттарымен қоқыс шығартқан тұрғындарға және демеушілік көрсеткен азаматтарға алғысым шексіз. Осы мақсаттағы жұмыстар да жоспарлы түрде 2021 жылы жалғасын табатын болады. 2019 жылы Жалпақ сайы тазалған болса, 2020 жылы Мәнібай, Атқан кубик, Әтібек кубиктері тазаланды. 2021 жылы Сайқұдық кубигі тазаланды. Ендігі уақытта Төле кубигін тазалау немесе тың жерден қазу мәселесі қаралатын болады.

 

Рухани жаңғыру

Ж.Молдағалиев ауылының орталық саябағына 1959 жылы туған түлектермен 400 мың теңгеге әдемі орындықтар мен аспалы шамдар орнатылды, сонымен қатар 1964 жылы туған түлектер мәдениет үйіне 250 мың теңгеге орындықтар сиға тартты, 1984 жылы туған түлектер Талап орта мектебіне «Алтын ұя мектебім» белгісін 450 мың теңгеге орнатты.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес, қоғамдық тәртіптің сақталуы және арыз-шағымдармен жұмыс жоспарлы түрде жүргізілді. Заңбұзушылықтар орын алған жоқ.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында учаскелік полиция ауылдық округ әкімі аппаратымен, ақсақалдар алқасымен бірге отырып қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында ұдайы бірлесе жұмыс атқарып келеді. Есепті мерзімде 5 қылмыс тіркеліп, оның 4-і ашылған. Барлығы 95 азамат әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде қоғамдық орында мас жүргені үшін 20 азамат, ұсақ – бұзақылық-5, отбасы тұрмыстық қатынаста–3 адам, қалғандары жол көлік ережесін бұзғаны үшін және төлқұжат ережесін бұзғаны үшін.

Ауылдық округ әкімінің атына 2021 жылы жеке тұлғалардан 9, заңды тұлғалардан 3 өтініш түсті, соның ішінде тұрғын үй құрылысына жер пайдалану үшін 2 жер телімін сұраған өтініштер бағынышты органдарға жіберілді. Қалған азаматтар жұмысқа орналасу жөнінде өтініш білдірген болатын. Олардың арыздары жұмыс орындары босаған мекемелерге жолданды. 

 

Қоғамдық – саяси жағдай

Ауылдағы жағдай қалыпты. Ауылдағы әлеуметтік қауырттылық ошағы, діни экстремизмнің көрінісі мен ұлтаралық араздық сипатындағы оқиғалар орын алған жоқ.

 

Баяндамамды аяқтай келе құрметті ауылдастар 2022 жылы жоспарлаған межеге жетуде бірге жұмыстануға шақырамын.

Назарларыңызға рахмет.

 

 

 

Дата публикации
07 февраля 2022