Тәуелсіздік жылдарында Ақжайық ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы аудан әкімі Қ.Ш.Айтмұхамбетовтың тікелей эфирде өтетін брифингке арналған баяндамасы

Қайырлы күн, құрметті телекөрермендер
және баспасөз мәслихатына қатысушылар!

Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз.

Тәуелсіздік жылдарының бастауында тұтас елімізде қалыптасқан жағдай сияқты Ақжайық ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалы өте күрделі деңгейде болды. Ел тағдыры сынға түскен сәтте ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ұстанымы арқылы елдің ішкі бірлігін сақтауға, халықты жаппай еңбек қоғамына жұмылдыруға, қиындықтарды бірге еңсеріп, жарқын болашаққа сеніммен қарауға шақырды. 1997 жылы Чапаев және Тайпақ аудандары біріктіріліп Ақжайық ауданы құрылды.

Осы орайда, бүгін өздеріңізге Ақжайық ауданының тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ

Біздің ауданымыздың негізгі бағыты - ол ауыл шаруашылығы. Сондықтан, халықтың әл-ауқатының өсуі агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен тығыз байланысты. Өткен мен бүгінгіні салыстырып өтетін болсақ, 1997 жылы шаруа қожалықтар саны 50-ді құраса, қазіргі таңда ауданымызда ірілі-кіші 1072 шаруа қожалық жұмыс жасауда.

2021 жылдың 1 қазанына мүйізді ірі қара мал саны 106 732 басты құраса, қой мен ешкі – 242 734 бас, жылқы – 45 146 басқа жетіп,
1997 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 2,2 есе, қой мен ешкі 2,3 есе, жылқы 4,5 есе өсіп отыр.

Мал шаруашылығындағы жүйелі жұмыстар мен оң нәтижелер мал басын асылдандыруға жақсы әсерін тигізіп келеді. Соңғы он жыл ішінде ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары шет елдерден 1000 бастан аса етті бағыттағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алды.

Ауданда 2010 жылы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіретін
3 шаруашылық болса, 2021 жылы олардың саны 72-ге жетіп 24 есе өсіп отыр. Ауданда Қазақтың ақбас тұқымын өсіретін 68 шаруашылық, Абердин Ангус өсіретін 2 және Герефорд тұқымын өсіретін
2 шаруашылық жұмыс жасауда.

Сонымен қатар, асыл тұқымды жылқы өсіретін 3 шаруашылық болса, күні бүгінге олардың саны 8-ге жетіп, 2,6 есе өсіп отыр. Ол шаруа қожалықтарда Көшім, Жабы және Мұғалжар асыл тұқымды жылқыларын өсіреді. Сондай-ақ, ауданымызда асыл тұқымды қой өсіретін 6 шаруашылық жұмыс жасауда.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде үкімет тарапынан беріліп отырған көмек қаржыны алушы ауданның ауылшаруашылық құрылымдар қатары айтарлықтай көбеюде: Жалпы 2010 – 2020 жылдары аралығында ауыл шаруашылығы құрылымдарына 5 млрд. 747 млн. теңге субсидия төленген.

Қазіргі таңда мал азығын даярлау бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды.

Осыған байланысты су үнемдейтін технологияларды пайдаланып, суармалы жерлерді іске қосу арқылы мал азықтық дақылдар (бір жылдық, көп жылдық шөптер, сүрлемге жүгері т.б.) егістігінің көлемін ұлғайтып, сапалы азық даярлап жүрген шаруашылықтар саны жылдан-жылға артып келеді.

Мысалы, «Сәбит», «Нығмет», «Мұқадес», «Аманер», «Мәдениет», «Нұр тілек», «Ғани» шаруа қожалықтары суармалы участоктерге мал азықтық дақылдар өсіру үшін алдағы уақытта озық технологияларды қолдануға жұмыстануда.

Ауданның дамуының ұзақ мерзімді жоспарында өсімдік шаруашылығында картоп, көкөніс, бақша өнімдерін өндіруге басымдық беру жоспарланды. 2021 жылы егістік көлемі 890 га. жеткізілді, соның ішінде картоп 130,5 га, көкөніс 200 га, бақша 560 га. құрады. Бұл жерде ауданымызда өсірілетін, аудан брендіне айналған «Тайпақ қарбызын» мақтанышпен атап кету керек. Бұл өнім Орал, Атырау қалаларының базарларында, облысымыздың аудандарында үлкен сұранысқа ие. Қарбыз-қауын өсірумен Алмалы, Тайпақ ауылдық округтерінен 40-қа жуық шаруашылықтары айналысады. Жыл өткен сайын бағбандар ғылым жетістіктерін, жаңа технологияларды пайдалануға көшуде. «Тамшылатып суару» әдісін ауданымызда 6 шаруашылық 68 га. егістікке қолданып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, мол өнім алуда.

Аудан халқын жыл бойы арзан және сапалы көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында жылыжайлар салу да қолға алынды. Жылыжайларда көкөніс, гүл көшеттерін өсіруде заманауи технологияларды қолданып, табысты еңбек ету арқылы мол өнім алып жүрген кәсіпкерлер «Мукашев.А.» және «Утепов.А.» атап өтуге болады.

Ауыл шаруашылық құрылымдары соңғы кезде алма және басқа да әртүрлі жеміс-жидектер бақтарын отырғызуға бет бұрыс жасап, көңіл бөлуде. Аудан аумағында 2017 жылға дейін 3 шаруашылықта 17,2 га. жерде алма бақтары болса, 2021 жылы Ақсуат ауылдық округінде «Батыс Қазақстан «Бақтар әлемі» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 50 га. жер алып, соның 15 га. алма, алмұрт, өрік т.б. жеміс ағаштарының бағын отырғызды (директоры М.Айтимов,  50,0 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылды).

Аудан аумағында Жайық өзенінің екі жақ бетінде ауыл шаруашылығы қажеттілігін сумен қамтуға арналған Жайық-Көшім суармалау-суландыру және Азнабай-Тайпақ суландыру жүйелері орналасқан.

Биылғы жылға жоба бойынша жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына қажетті 1 млрд. 742 млн. теңгенің республикалық бюджеттен 529,0 млн. теңге қаржы бөлініп, мердігер жұмысын бастап кетті. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда 300 мың га. бос жатқан жерге инвестиция тартылып, даму қарқыны артуы жоспарлануда.

Дата публикации
01 ноября 2021