Аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетовтың
есеп беру баяндамасы
08.02.2021 жыл, сағат: 16:00
Қайырлы күн құрметті Ғали Нәжімеденұлы!
Қадірменді жерлестер!
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы биылғы есеп беру жиналыстары қаңтар айында бастау алып, барлық елді мекендерде санитарлық нормалар қатаң сақтала отырып өткізілді. Ал, 2020 жылы өткен есепті кездесулердің нәтижесінде 112 мәселе көтеріліп, оның 40%-ы, яғни 45-і оң шешімін тапса, 22%-ына, дәлірек айтсақ, 25 мәселеге қатысты түсінік берілді. Қалған 38%-ы (42) қаржыландыруды талап етеді. Олар қаржы бөлінуіне орай қаралатын болады.
Барлық мәселені бір сәтте шешу мүмкін емес, бұл барлығымызға да анық. Бірақ, тұрғындар тарапынан жолданған әрбір сауалдың орындалуы әрдайым назардан тыс қалмайды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы - бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Осы тұжырымдама арқылы халықпен тиімді кері байланыс орнатудың нақты әдістері қалыптасты. Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауының өзегі де, міндеті де осы. Әрине, бұл ауыл-елдегі ағайынның халін біле отырып, олардың көкейіндегі мәселелерді айқындауға нақты жол. Бәріміздің мүддеміз бір – туған мекеніміздің көркейіп, өркендеуі. Халықпен бірлесіп, осы мақсат-межеден шығатынымызға әр ауыл-елді мекенде өткізілген түрлі форматтағы жүздесулер кепіл. Осындай басқосуларда тұрғындар жеке бастың мүддесінен гөрі, барша өңірдің берекелі келешегін қамдаған сауалдарды көтеретіні де бізге артылған жауапкершіліктің бір көрінісі.