Ауылымызда өмірге ұрпақ әкеліп, бала өсіріп, көп балалы ана атанып, ана болумен қатар еріне қолдау беріп, кәсіпті де өрлетіп отырған аналар аз емес. Солардың бірі ауылдасымыз Бахманова Бақытгүл Қайратқызы Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 19 ақпандағы Жарлығымен “Күміс алқа” алқасымен марапатталды. Бүгінгі күннің нағыз батырлары- көп балалы аналар. "Әр баланың өз несібесі бар" деген сөз Бақытгүл тәрізді аналарға күш пен жігер беретіні хақ. Ері Өтепберген екеуі "Асылжан" шаруа қожалығын құрып, қазіргі уақытта айтарлықтай жетістікке жетті. Ауылдасымызды мемлекеттік марапатымен құттықтаймыз!
Сан ғасырдан бері санамызға сіңісті болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінде кеңінен аталып, болашақта да үзілмейтін атаулы күннің бірі, әр жылдың 14 наурызында тойланатын - Көрісу мерекесі. Тіршіліктің жаңаратын, жақсылар сәлем беріп, ақ тілек ақтарылатын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіліп, өкпе реніш кешірілген наурыз мейрамының бастауы Көрісу күніне, Тайпақ мәдениет үйінде «Жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Ауыл үлкендері ақсақалды аталар менақ ақ жаулықты әжелердің қатысуымен төс қағыстырып көрісуінен бастау алған шара, үлкендерге жастардың, балалардың көрісуімен, әсем ән, күмбірлеген күймен, ұлттық спорттық ойындармен жалғасып, «Ақтілек» әжелер ансамблінің мүшесі Бақытжан Қуанышқызының ұлағатты тілектерімен, «Атамұра» аталар ансамблінің мүшесі Болат Қалиұлының көпшілікке берген батысымен тәмамдалды.