
Май ауданында өңіріміздің тарихи жерлерін
таныстыратын тың жоба іске асырылуда
«МАЙ ЖІБЕК ЖОЛЫ» жобасының негізгі мақсаты – оқушыларды ауданымыздағы және өңіріміздегі тарихи, киелі жерлермен таныстыру.
Осы мақстатта ұйымдастырлыған «Ақшиман-Торайғыр» бағытындағы 3 күндік жазғы демалысқа 100-ге жуық аудан оқушылары қатысып, өңіріміздің тарихымен танысып, сұлу табиғат аясында демалды. Оқушылар Май ауданында «Қалмақ қырылған» тауының бөктеріне саяхаттап, Мақат қажы, Ақбалық Хәзірет, Қайса ата кесенелеріне барып қасиетті тұлғалар туралы мағлұматтар алды.
Саяхаттың екінші жартысында Баянауыл ауданының Торайғыр ауылына жол түсті. Онда ауылдың әсем табиғатын тамашалап, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі мен мұражайына барды. Жергілікті халық арасында «Сәкен шыңы» деп аталып кеткен тау жоталарына тамсана қараған оқушылар, Ақбеттаудың баурайындағы айнадай жарқыраған көл жағасында демалды.
Кешкісін барлық оқушылар квест ойын мен спорттық сайыстарға қатысып, алау жанында өз естеліктерімен бөлісті.
Демалыс соңында оқушылар Ақшиман ауылының сыртында тазалық жұмыстарын жүргізіп, «Экологиялық десант» акциясына қатысты. Туған өлкенің тазалығын сақтауға ат салысқан барлық командаларға естелік сыйлықтар табыс етілді.