
Жаз маусымының алғашқы күні, яғни 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты мереке ауданымыздың мәдениет үйінің орталық алаңында өтті. «Бақытты балалық аспаны» атты концерттік бағдарламада бүлдіршіндер өлең айтып, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Мерекенің шырайын келтірген «Ержүрек қоян» ертегісінің кейіпкерлері балаларға қызықты әсер қалдырды.
Аудан әкімі Айтмағамбетов Бауыржан Есқайырұлы құттықтау сөз сөйлеп, балауса балғындардың асқақ армандарында қанат бітіріп, ел игілігі жолында қажыр-қайрат, ынта-жігерлерін көрсетіп, қуаныш пен шаттықтың ортасында ер жетіп, кемел білімнің иесі болып, ел мақтанышына айналуларына ізгі тілегін білдірді. «Аманат» партиясы филиалының төрағасы Жұбанышқалиева Люция Асетовна бөбектерге қамқорлық көрсету, олардың құқықтарын қорғау тек белгіленген бір күн емес, әрқашан да үлкендердің назарында болуы тиіс екендігіне тоқталып өтті. Жас ұрпақтың танымдық-тәрбиелік, шығармашылық жұмыстарына белсене араласып, балалардың рухани дамуына елеулі үлес қосып жүргеніне Эльмира Бауыржанқызы «Аманат» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы атынан Алғыс хатпен, Базаргуль Хаиргалиевна «Аманат» партиясы аудандық филиалы атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шара барысында алаңның әр бағытында балалардың мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен іс-шаралар өткізілді. «Қимылды ойындар топтамасы», «Әрқашан күн сөнбесін!» атты асфальтка сурет салу, «Оригами жасау», «Ер балалар арасында асық ойыны» , «Ер балалар арасында планер ұшыру ойыны», «Гүлдер әлемі» атты сурет байқауы оздырылды. Аталмыш іс-шараларда жеңімпаз балалар дипломмен және сыйлықтармен марапатталды. Белсенділікпен қатысқан балаларға жеке кәсіпкер «Диар» ойын-сауық орталығының қолдауымен тегін сертификаттар таратылды.