"Алтын белгі" иелері марапаталды

"Алтын белгі" иелері марапаталды

Тасқала ауданында 12 оқушы оқу жылын үздік тәмамдап, «Алтын белгі» иегері атанды. Оқу озаттарын аудан әкімі құттықтап, салтанатты түрде марапаттады.
Аудан бойынша ағымдағы оқу жылында білім ошақтарын 149 оқушы бітіріп, орта білім туралы аттестат алды. Соның ішінде Садық Жақсығұлов атындағы орта мектептің 4 бірдей түлегі Таршилов Сергей, Утешева Гүлбахрам, Гайсанова Гүлназ, Идрисова Наргиз, «Сәулет» мектеп-лицейінің түлектері Шангереев Қасымхан, Кенжетаева Дильназ, Шунаева Аида, Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің түлектері Тілек Аманат, Төлеген Айнамкөз, Макаева Альмира, Шопликова Айлана, Айдынғали Әлия жоғары марапатқа ие болды.
Мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған «Алтын белгі» иегерлерін аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов құттықтады.
• Бүгін, баршамыз үшін маңызды күн. Түлектердің білімге деген құштарлығы, қажырлы еңбегі мен табандылығының нәтижесінде жоғары марапатқа ие болып отыр. Біздің ауданда талантты балалар көп екенін мақтан тұтамын. Сіздердің араларыңызда олимпиадалардың, зияткерлік және шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың жүлдегерлері бар. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Алар асуларыңыз көп болсын, – деген аудан басшысы, түлектерге «Алтын белгілерін» табыстады.
Салтанатты рәсімде «Алтын белгі» иегерлерінің ата-аналары аудан әкімінің Алғыс хатымен ұлықталды. Сондай-ақ барлық түлектерге арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Енді мектеп бітірушілердің алдында Ұлттық бірінғай тестілеу тұр. Түлектердің тілегі бір осы емтиханды абыроймен өткізіп, армандаған жоғарғы оқу орнына түсу. Бізде жас түлектерге сәт, сапар дейміз. Білімді, білікті азаматтары көп ел ғана мықты мемлекет бола алады.