
Лагерь маусымы басталды
Жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, жұмыспен қамтылуы мен бос уақытын ұйымдастыру мақсатында Тасқала ауданында лагерлер өз жұмысын бастады. Оқу жылы аяқталысымен 5-інші маусым мен 30-ыншы маусым аралығында мектептер жанында ұйымдастырылған лагерлерде 2260 оқушы демалды. Мұнда қысқа мерзімді бірлестіктер, яғни үйірме, клубтар, туристтік саяхаттар мен жорықтар, қызықты шаралар, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды.
Маусымның 5-інен өз жұмысын бастаған «Шұғыла» жазғы сауықтыру демалыс лагерінде 200 бала демалады деп жоспарлануда. Лагерге келген демалушылардың әр сәтін қызықты өткізу мақсатында тынбай жұмыс жүргізіп жүрген лагерь басшысы, 1 аға тәлімгер, 2 тәрбиеші және 1 жаттықтырушы бар. Күліп атқан күнмен бірге оянған балалар табиғат аясындағы таңғы жаттығудан соң қызыққа толы күндерін өте тиімді өткізеді. Балалар екі топқа бөлініп әр топқа 1 тәрбиешіден тағайындалған. Лагерьде оқу озаттары, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 200 оқушы 4 ауысыммен демалады. Мұнда олар үшін барлық жағдай жасалған. Робототехника, мүсіндеу, шахмат, туризм үйірмелері оқушылардың жазғы демалысының көркін аша түспек.
Әр кезең ауысымының жоспары бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Топтар бір - бірін танып білу мақсатында «Кел достар танысайық» атты топтық сайыс, өнегелі, дарынды, қабілетті тұлғаны тәрбиелеу мақсатында «Бақытты балалық» салтанатты ашылуы, ер балалардың еліне, тіліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыра отырып, патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында «Лагерь сұлтаны» сайысы, қыз балалардың ата-ана, туыстары алдындағы парыз бен қарыздары туралы түсінік беру, мейірімділікке, инабаттылыққа, сыпайылыққа тәрбиелеу мақсатында «Лагерь аруы» сайысы, балалардың ақыл ойын дамыту, шапшаңдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында «Ұпай кімге бұйырады», «Көңілді би кеші», «Көңілді тапқырлар клубы», «Тимбилдинг», «Квест-қазына табу», волейбол, футбол және ганболдан жарыстар өткізілді.
Лагерь демалушылары күніне екі мезгіл қаңқалы бассейнде суға шомылып, жүзуге үйренуде. Жаттықтырушы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Дүйсенғалиев Қайырбек бассейнде суға жүзуге үйретуден арнайы курстан өткен. Лагердегі балаларға судағы өзін-өзі ұстауы, жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтау, суда жүзуді үйретуде. Мектептен тыс жұмыс орталығы, аудандық балалар кітапханасы лагерь демалушыларымен әр түрлі қызықты, тәрбиелік әсері мол шаралар өткізуде.
Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға күн сайын 5 мезгіл тамақ беріледі. Лагерь медбикесі күнделікті берілетін тағам сапасын және балалардың тазалықтарын үнемі тексеріп отырады. Тамақтан уланудың алдын-алу профилактикасы бойынша түсіндірме жұмыстары аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен жүргізіліп отырады.
«Шұғыла» жазғы демалыс лагері өз жұмысын шілденің 28-сіне дейін жалғастыратын болады. Демалушыларды әлі алда екі маусымы күтіп тұр, демек жаз мезгілін барынша қызықты өткергісі келген балалардың әлде де мүмкіндігі бар.