Солтанаева Ардақ Сабырханқызы – Семей қаласындағы Жас Абай мектебінің жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі. Педагогикалық еңбек өтілі – 46 жылға жуық. Ардақ Сабырханқызы – білім саласында ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан білікті маман, тәжірибелі ұстаз.
Ардақ Сабырханқызы Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында Бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы бойынша курстан өтіп, сертификатталған мұғалім атанған. Сонымен қатар, «Тәжірибедегі рефлексия» және «Сабақты зерттеу» тақырыптары бойынша екі мәрте мектеп тренері ретінде де табысты қызмет атқарды.
Ұстаздың көпжылдық еңбегі мемлекеттік деңгейде лайықты бағаланып, келесі марапаттарға ие болды:
•2008 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы;
•2014 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі;
•2022 жылы Абай облысы әкімінің Құрмет грамотасы;
•2024 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хаты.
Ардақ Сабырханқызы – қоғамдық-гуманитарлық бағытқа арналған «Математика 10» және «Математика 11» байқау оқулықтар кешенінің авторлары құрамында. Бұл еңбек гимназияның тәжірибелі ұстаздары Сарсекова Г.Қ. және Солтанаева А.С. бірлесіп әзірлеген әдістемелік құрал ретінде ерекше бағаланады.
Ұстаздың шәкірттері жыл сайын қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Білім сапасының көрсеткіші 93–100% аралығында, бұл – ұстаз еңбегінің айқын нәтижесі.
Соңғы екі жылда Жас Абай мектебінде қызмет етіп жүрген Ардақ Сабырханқызының түлектері 100% мемлекеттік білім гранттарын иеленіп, олардың ішінде 10 оқушы математика пәні мұғалімі мамандығын таңдап, Шәкәрім университетінің алғашқы грант иегерлері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде математика пәнінен шәкірттері 50/50 балл жинап, мұғалімнің кәсіби шеберлігін дәлелдеп отыр.
Ардақ Сабырханқызы жас мамандарға әдістемелік қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп, тәлімгерлік бағытта үлкен жұмыс атқарып келеді. Ұжымда құрметке ие, шәкірттерінің сүйікті ұстазы ретінде танылған.