
!!!!
Қазақ тілі - мемлекеттің бүкіл аумағында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болып танылады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл - қазақ тілі.», - деп атап көрсеткен.
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының: 8 – бабына сәйкес, мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
9 – бабына сәйкес, мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.
10 - бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiнде, ұйымдарында, меншiк нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргiзу мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қамтамасыз етiледi.
Бүгінгі күні мемлекеттік органдар арасында өзара хат алмасу, ақпарат беру үрдісінде ілеспе хаттардың орыс тілінде жіберілуі, кейбір ілеспе хаттар қазақ тілінде болғанымен, қоса берілген ақпараттары мен мәліметтері (кестелері) орыс тілінде жолданатын жағдайлар жиі орын алып отыр. Қала әкімінің хаттамалық тапсырмалары бойынша дербес бөлімдерден келіп түсетін ақпараттар да орыс тілінде жіберіледі. Бұл«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 8, 10 - баптарының өрескел бұзылып отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік - процестік кодексінің 89 – бабының 2 - тармағына сәйкес, хабарға, ұсынысқа, үн қосуға, сұрау салуға жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сiлтеме жасай отырып, мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш берiлген тiлде мазмұны бойынша негiзделген және уәжделген болуға, оның қабылданған шешiмге шағым беру құқықтары түсiндiріле отырып, арыз иесінің дәлелдерiн жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуы тиiс. Яғни, өтініш берушіден келіп түскен өтініш, сұрау салу, арыздарға жауап мемлекеттік тілде немесе арыз, өтініш берілген тілде берілу қажет.
Мемлекеттік мекемеге келіп түскен кіріс және шығыс құжаттардан бөлек, облыс әкімінің және қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының жауаптары (ілеспе хат пен қоса берілетін қосымшасы, оның ішінде графикалық, сызбалық схемалар және кестелер) тек мемлекеттік тілдеболуы тиіс. Сонымен бірге, Семей қаласы әкімінің жеке қабылдауына келген азаматтардың сұрағына жауап өтініш берушінің өтініш білдірген тілінде берілуі керек.
Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, қала әкімі аппаратының және дербес бөлім басшыларына ұсынылады:
Осы хатты негізге ала отырып, ұсынылған ұсыныстардың орындалуы және қатаң сақталуы бойынша әр бөлімде тиісті шаралардың қабылдануы қамтамасыз етілсін.