Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Орал қаласының №4 қосымша білім беру мектеп-орталығының оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды.
Шара аясында оқушыларға заңдарды және тәртіпті сақтау құқықтық қоғамның негізі болып табылатыны және мектеп жасынан бастап әрбір азаматтың адалдық пен әділдік қағидаттарын ұстануы қажеттігі түсіндірілді.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда адалдық пен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін көрсететін бейнеролик көрсетілді.
Өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасады, себебі еліміздің болашағы жастардың қолында, ал олардың заңға деген құрметі мен әділдікке ұмтылысы — тұрақты әрі әділ қоғам құрудың негізі.