
2024 жылдың 3 ақпан күні Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының 1200-ден астам мемлекеттік мектеп директорлары, білім бөлімдері мен басқармаларының басшылары «Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ» форумында бас қосты.Smart Bilim мектебінің базасында диалог алаңы ұйымдастырылып, жиынға қатысушыларға білім беру саласындағы бақылау және мониторинг шараларының қорытындылары және биылғы жылға арналған жоспарлар туралы айтылды.TEDx форматындағы интерактивті сессияға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Ведомство басшысы педагогтерді толғандырған сауалдарға жауап беріп, білім беру сапасын одан әрі арттыруға негізделген бес негізгі бағытқа тоқталды. Атап айтсақ: білім берудегі менеджментті нығайту және басшылардың кадрлық резервін қалыптастыру, педагогтарды даярлау және қайта даярлау тәсілдерін жетілдіру, оқу бағдарламаларын жаңарту, инфрақұрылымды кешенді жақсарту, сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау.Форум барысында білім сапасын арттыру бойынша тәжірибе алмасып, біліктіліктерін шыңдады. Сондай-ақ менеджердің басқару құзыреттері, кадрлық әлеуетті дамыту, НҚА қабылдайтын және білім беру саласындағы маңызды бағыттар бойынша тренингтерге қатысты.