Алматы облысының Талғар ауданында Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» бастамасын іске асыру шеңберінде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың белсенділігі артты.
Аудан аумағындағы 10 жалпы білім беретін мектеп пен 3 колледжде құқық қорғау органдарында тәжірибесі бар тәлімгерлердің қатысуымен шамамен 9 мың сабақ өткізілді. 400-ге жуық білім алушымен жеке профилактикалық жұмыс ұйымдастырылды. Бұл шаралар буллингтің, зорлық-зомбылықтың және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Оқыту барысында өмірлік кейстерді талдауға ерекше назар аударылды және сабақ форматы білім алушылар мен педагогтердің белсенділігін арттырды. Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік мәселелері бойынша жүргізілген анонимді тестілеу нәтижелері оқу материалының меңгерілу деңгейі 90%-дан жоғары екенін көрсетті.
Ағымдағы оқу жылының I және II тоқсандарының қорытындысы бойынша құқықбұзушылықтардың төмендегені байқалды. Қылмыстық құқықбұзушылықтар саны алты есе азайды. Әкімшілік құқықбұзушылықтар 29,5%-ға төмендеді. Сондай-ақ профилактикалық есепке қою бойынша да оң динамика тіркелді. Мәселен, ішкі істер органдарында есепте тұрған білім алушылар саны алты есе қысқарды, ал мектепішілік есептегі оқушылар саны 30%-ға азайды.
2026 жылдың қыркүйек айынан бастап балалар құқықтарының бұзылу көрсеткіші жоғары білім беру ұйымдарында жобаны кеңінен енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта кешенді талдау жүргізіліп, «Заң және тәртіп» жүйесін республикалық деңгейде апробациялау және енгізу үшін білім беру ұйымдарының тізбесі қалыптастырылуда.
Пилоттық жоба аясындағы сабақтар екі аптада бір рет өткізіледі. Әдістемеде құқықтық білім деңгейін анықтауға арналған бастапқы және қорытынды диагностика қарастырылған. Сонымен қатар, жасөспірімдер ортасындағы тәуекелдерді уақтылы анықтау және алдын алу мақсатында білім алушылардың мінез-құлқына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 20 өңірінде халыққа кәсіби психологиялық және әдістемелік көмек көрсететін Психологиялық қолдау орталықтары жұмыс жасайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша орталық мамандары 48 019 жеке психологиялық кеңес өткізді. Оның ішінде 23 885 кәмелетке толмаған балаға, 14 898 ата-анаға, 9 236 педагогке кеңес берілді.
Бұл көрсеткіштер психологиялық саулық және дағдарыс жағдайларының алдын алу мәселелеріне қоғамның ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсетеді. Жыл бойы еліміздің барлық өңірінде 40 мыңнан астам профилактикалық және ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды. Олар балалар мен жасөспірімдердің қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және психологиялық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда еліміздің білім беру ұйымдарында оқушылар мен олардың ата-аналарына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін 9 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Бұдан бөлек, күн сайын азаматтардың өтініштерін қабылдайтын «111» бірыңай байланыс орталығы арқылы көмек алуға болады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен инклюзивті білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.
Қазақстанда инклюзивті білім беру адами әлеуетті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір баланы оның қажеттіліктеріне қарамастан қолдау әділетті әрі орнықты қоғам қалыптастырудың негізгі шарты. Тең мүмкіндіктер қоғамын құру және сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету салада жүргізіліп жатқан реформалардың басты басымдықтарының бірі болып қала бермек.
Қабылданып жатқан шаралар аясында елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда 537 бейінді ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 48 балабақша, 99 мектеп, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 238 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы және 14 оңалту орталығы бар. Қолдау кабинеттерінің саны 1 095-ке дейін артты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі мектептердің 95,2 пайызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдай жасаған. Инклюзивті ортада 94 527 бала білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс аясында 7 775 мүмкіндігі шектеулі бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған.
Жұмыс тобының отырысы барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауға бағытталған мүдделі тараптардың ұсынымдары таныстырылды. Бұл ұсынымдар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелерінің өзара іс-қимылын біріктіріп, баланың дамуының барлық кезеңдерінде қажетті қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі жүйелі жұмысты әрі қарай жалғастырады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Ұлыбританияда дүниеге келген бір жасар қыздың елге аман-есен оралғанын хабарлайды. Бастапқыда Ұлыбританияның құзырлы органдары сәбиді британдық отбасыға асырап беру мүмкіндігін қарастырғандықтан, аталған жағдай шұғыл әрекет етуді талап етті. Қазақстандық тараптың үйлесімді әрі жедел іс-қимылының нәтижесінде сәби өзінің туған әжесімен және әкесімен қауышты.
Мамандардың туыстарымен жүргізілген профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының барысында қыздың әжесі мен әкесі баланы өз қамқорлығына алып, отбасында тәрбиелеуге ниетті екендерін білдірді.
«Кішкентай отандасымызды елге қайтару үшін ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып ауқымды жұмыс атқарылды. Біз сәбидің жақын туыстарын анықтап, оны Қазақстанға қайтару туралы шешімге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта бүлдіршін өз үйінде, туғандарының жанында», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Сондай-ақ, елге қайтару шаралары аясында балаға қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлік рәсімделді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы елімізде балаларға қатысты құқықбұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді. Басты назар тәуекелдерді ерте анықтауға және заңға қайшы іс-әрекеттердің алдын алуға бағытталды. Жыл басынан бері балалардың құқықтарын қорғау жүйесі оқыту, кеңес беру және психологиялық қолдауды қамтитын профилактикалық бағдарламалар арқылы 2,7 миллион бала, ата-ана және педагогті қамтыды.
Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың төмендеуі тіркелді: қылмыстық құқықбұзушылықтар саны 2,3%-ға, ал кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 17,9%-ға азайды.
Профилактикалық жұмыс балаларды, отбасыларды және педагогикалық қауымдастықты қамтып, көмек көрсету қолжетімділігі қағидатына негізделеді. Оқу жылының басынан бері барлық балабақшаларда, мектептер мен колледждерде «Жеке қауіпсіздік» тақырыбында 1,4 млн-нан астам сабақ өткізілді. Психологиялық қолдау орталықтары 35 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетті, ал «111» байланыс орталығы арқылы шамамен 120 мың бала қолдау алды.
Білім беру ұйымдарында ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейді: 33 мыңнан астам сабақ өткізілді, ал 1,1 миллионнан астам ата-анаға консультациялық көмек көрсетілді. Бұл ата-аналардың жауапкершілігін арттырып, отбасы институтын нығайтуға ықпал етуде.
Мектептегі буллингтің алдын алуға да ерекше назар аударылды. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» ауқымды антибуллингтік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
«Профилактика тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға және балаларға уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру және жедел әрекет ету – балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің негізгі міндеттері», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Буллинг пен зорлық-зомбылықты ерте анықтаудың бірыңғай алгоритмін енгізу ведомствоаралық жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, 3 мыңнан астам кәмелетке толмаған балаға уақытылы көмек көрсетуге жағдай жасады. 2025 жылы зорлық-зомбылықтың, буллингтің және девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойынша 17 мыңнан астам педагог оқытудан өтті. Бұл білім беру жүйесінде профилактикалық жұмыстың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етті.
2023 жылдан бастап елде алғаш рет буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. 2025 жылдың басынан бері 404 әкімшілік іс тіркеліп, оның 238-і бойынша айыппұл салынды. Бұл жазаның бұлтартпастығы қағидатын күшейтіп, білім беру процесіне қатысушылардың жауапкершілігін арттырды.
Сондай-ақ, «Заң және тәртіп» жобасы аясында 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы облысының Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде құқықтық тәрбиелеу және құқыққа қарсы мінез-құлықтың алдын алу бойынша сабақтар енгізілді.
Осылайша, профилактикалық шаралар, антибуллингтік бағдарламалар, жауапкершілікті күшейту, «Заң және тәртіп» жобасын іске асыру – балалардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай жүйесінің өзара байланысты элементтері ретінде құрылуда. Бұл жұмысты одан әрі дамыту «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасында, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және балалар үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасында көзделген.
Жаңа оқу жылының басынан бастап еліміздің барлық балабақшаларында, мектептерінде және колледждерінде 1,4 млн-нан астам «Жеке қауіпсіздік» сабағы өткізілді. Бұл сабақтардың мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді
қауіпсіздік ережелерін сақтауға дағдыландыру.
Сабақтардың тиімділігін анықтау мақсатында жүргізілген республикалық мониторингке 46 мың педагог, 318 мыңнан астам оқушы қатысты. Оның нәтижелері сабақтардың жоғары сұранысқа ие екенін айғақтайды. Мәселен, педагогтардің 92%-ы мектептегі жалпы ахуалдың жақсарғанын, 96%-ы оқушылардың өзіне деген сенімділігі артқанын айтты. Ал оқушылардың 95,5%-ы сабақтарды оң бағаласа, 90%-ы олардың күнделікті өмірде пайдалы екенін жеткізді.
Жеке қауіпсіздік сабақтары апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі. Сабақтың мазмұны балалардың жас ерекшелігі мен қабылдау деңгейіне сәйкес әзірленген.
Балабақшаларда балалар шұғыл қызмет нөмірлерін жаттайды, қауіпсіздік ережелерімен танысады, бейтаныс адамдардан сақтану және ойын алаңында, қоғамдық орындарда қауіпсіздік шаралары пен тәртіп сақтауды үйренеді.
Мектептерде күнделікті өмір мен цифрлық ортадағы қауіпсіздікке басымдық беріледі. Оқушылар жеке мәліметтерді қорғау, кибербуллингті танып, одан қорғану, онлайн-қарым-қатынас орнатуда қауіптерді ажырату, жалған ақпарат үшін жауапкершілікте болу, күдікті заттарға қатысты дұрыс әрекет ету, табиғатта, суда және мұзда қауіпсіздік шараларын сақтау ережелерін меңгереді.
Колледждерде жасөспірімдер мен жастар арасында жиі кездесетін әлеуметтік және цифрлық тәуекелдер қарастырылады. Олар өз құқықтарын қорғауды, алаяқтықтан сақтануды, қауіпті онлайн табыстардан алшақ болуды, қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті, төтенше жағдайлардың алдын алу және эмоцияны басқару дағдыларын меңгереді.
«Бүгінгі бала екі әлемде – шынайы өмір мен цифрлық кеңістікте қатар өсіп келеді. Сондықтан олардың өз қауіпсіздігін білуі өте маңызды. Сабақтардың 10 минуттық қысқа форматта өткізілуі бекер емес. Аз-аздан, бірақ жиі қайталанған ақпаратты бала тез сіңіреді. Біздің мақсат – әрбір баланың өзіне сенімділігін нығайтуға, кез келген жағдайда өзін қорғауына көмектесу», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Ұсынылған оқу-әдістемелік кешен 130 сабақты қамтиды. Негізгі тақырыптар жылына үш рет қайталанып, балалардың жеке қауіпсіздік дағдыларын жүйелі және тұрақты меңгеруін қамтамасыз етеді.
Жаңа оқу жылынан бастап Алматы облысының Талғар ауданындағы мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениет сабақтары пилоттық режимде оқытылуда. Жоба Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» бастамасы аясында іске асырылып, 10 мектеп пен үш колледждегі 9 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Пилот шеңберінде жасөспірімдердің әлеуметтік-эмоционалдық ахуалына диагностика жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері тәуекелдердің барлық жас топтарында кездесетінін, алайда олардың деңгейі әртүрлі екенін көрсетті. Ең жоғары осалдық 7–8 сынып оқушыларында байқалды, бұл топтағы эмоционалдық күйзеліс деңгейі 7,11%-ды құрады. 9–10 сыныптарда жағдай біршама жақсырақ, бірақ 7,24% деңгейіндегі эмоционалдық ахуал бұл топқа да арнайы назар қажет екенін көрсетеді. Ал колледж студенттері арасында әлеуметтік-эмоционалдық тұрақсыздықтың ең жоғары деңгейі 8,69% болып тіркелді. Бұл олардың қосымша психологиялық қолдауды қажет ететінін айқындайды.
«Алынған деректер құқықтық мәдениет сабақтарын жетілдіруге, қолдау шараларын айқындауға және құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, агрессияның және басқа да тәуекелдердің алдын алуға бағытталған тиімді жүйе құруға негіз болады. Пилоттық жоба мектептер мен колледждерде қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Бағдарлама 36 сабақтан тұрады. Әр жас тобына өмірлік жағдайлар мен құқықтық кейстерге негізделген тоғыз тақырыптық сабақ әзірленген. Олар оқу жылының бірінші және үшінші тоқсандарында екі аптада бір рет өткізіледі.
Елімізде мектеп парламенттері мен балалар қозғалысының көшбасшылары арасында балалар омбудсмендерін сайлау өтті. Іріктеу нәтижесінде Республикалық кеңес құрамына еліміздің түкпір-түкпірінен 40 жас құқық қорғаушы қабылданды. Енді олар Қазақстанның барлық өңірлерінде оқушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға атсалыспа
Балалар омбудсмендері – бала мен мемлекет арасындағы сенімді дәнекер. Жастар өз замандастарының құқығын қорғауға бағытталған өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етеді, әлеуметтік бастамаларды қолдайды, балалардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын насихаттайды. Сонымен қатар, жас омбудсмендер бала мүддесін ескеретін мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Басты назар – балалардың өзін-өзі басқару дағдыларын дамытуға, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған.
«Біз үшін әр баланың өз тағдырына қатысты шешімдерге үн қосып, ықпал ете алуы аса маңызды. Балалар омбудсмендері – баланың үні естіліп қана қоймай, ескерілетін жүйенің ажырамас бөлшегі. Біз оларды балалардың құқықтарын қорғаудағы сенімді серіктестеріміз деп білеміз. Өйткені олардың көмегімен біз балалардың көзқарасын тереңірек түсініп, шынайы әрі нақты шешімдер қабылдай аламыз», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Еске сала кетейік, балалар өкілдігі институты өз қызметін 2020 жылдан бері атқарып келеді. Жыл сайын еліміздің барлық білім беру ұйымдарында өтетін балалар омбудсмендерінің сайлауы бүгінде балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің маңызды бөлігіне айналды.
2025 жылдың басынан бері отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өтініштер қабылдайтын «111» бірыңғай байланыс орталығына балалардан 110 999 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 108 987 өтініш мектептер мен колледждерде орналастырылған QR-кодтар арқылы, ал 2 012 қоңырау телефон арқылы қабылданған.
Байланыс орталығының жұмысы барысында 3 499 балаға психологиялық көмек көрсетілді, 1 602 өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жедел қолдау ұйымдастырылды. Өтініштердің басым бөлігі ақпараттық және кеңес беру сипатында болды.
Ең көп өтініш түскен өңірлердің қатарында Алматы қаласы (9 160), Батыс Қазақстан (7 654) және Түркістан (7 478) облыстары бар. Ал ең төмен көрсеткіштер Ұлытау (1 017), Солтүстік Қазақстан (1 738) және Абай (1 765) облыстарында тіркелген.
Мемлекеттік органдардың қатысуын қажет еткен өтініштер орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен, сондай-ақ ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілімен, өңірлік уәкілдермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе қаралды.
«Өтініштерді талдау барысында балалардың қоңырау шалудан гөрі жазып көмек сұрауды жиі таңдайтыны анықталды. Көпшілігі сөйлесуге ұялады, кейбірі қобалжиды. Ал хабарлама арқылы өз ойын ашық айтып, анонимді түрде көмек алуға мүмкіндік бар. Күн сайын мамандар жүздеген баланың жанайқайын естиді. Бірі – уайымын, бірі – қорқынышын, енді бірі – отбасындағы қиындықтары мен ата-аналар, достар арасындағы түсініспеушіліктерін бөліседі. Жақында бір оқушы QR-код арқылы хабарлама жазып, көмек сұраған. Мамандар оған бір реттік емес, жүйелі психологиялық қолдау көрсетіп, өзіне деген сенімділігін қайта қалпына келтіруге көмектесті. Әр бала мектепте өзін түсінетін, тыңдай білетін әрі дер кезінде қолдау көрсететін ұстазы бар екенін сезінуі керек. Ал әрбір ересек – ата-ана мен мұғалім – баласына қысқа ғана «111» нөмірі туралы айтып, қажет сәтте қайда жүгінуге болатынын үйреткені маңызды. Өйткені кейде осындай қарапайым ақпарат баланың өмірін өзгертіп, оны үлкен қиындықтан арашалап қалуы мүмкін», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Еске салайық, 2024 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі» Қазақстан Республикасының Заңы аясында «111» байланыс орталығының функциялары баланың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық тетік ретінде заңнамалық деңгейде бекітілді.
2025 жылдың басынан бері Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар шамамен 4 мың отырыс өткізіп, 7 мыңнан астам істі қарады. Оның ішінде мыңнан астам іс өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қатысты. Мұндай отбасыларға материалдық, психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіліп, сонымен қатар жұмыспен қамтуға, емделуге, балалардың оқуына және демалысын ұйымдастыруға жәрдем көрсетіледі.
Бүгінде елімізде балалардың құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасыларды қолдау бағытында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіретін 271 комиссия жұмыс атқаруда. Олар жоспарлы мәселелерден бөлек, қоғамда кең талқылау туғызған және жедел шешімді қажет ететін істерді де қарайды.
«Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар – балалардың құқықтарын қорғаудың басты тетігі. Комиссиялардың қызметі қиын жағдайға тап болған отбасыларды дер кезінде анықтап, оларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Біз ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, буллингтің, кибербуллингтің және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытында жаңа тәсілдер енгізудеміз», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген ведомствоаралық рейдтердің нәтижесінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 21,8 мыңнан астам ата-ана, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың тұрғын үйден тыс жерде болуына жол берген 107 мыңнан астам заңды өкіл, сондай-ақ ойын-сауық орындарына балаларды кіргізген 2 мыңға жуық кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта комиссиялардың жұмысын жетілдіруге бағытталған жаңа ережелер әзірленуде. Құжатта буллингтің, кибербуллингтің және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, зерттеу жүргізу және өңірлерге әдістемелік қолдау көрсету бағыттарындағы өкілеттіктерді кеңейту көзделген. Жаңартылған формат комиссиялардың тиімділігін арттырып, жергілікті деңгейдегі жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.