
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Әмбебап кезеңдік шолу жұмыс тобының 48-ші сессиясы шеңберінде Қазақстанның IV Ұлттық баяндамасын қорғауға қатысты.
Қазақстандық делегацияның құрамына Бас прокуратура, Сот әкімшілігі, Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат, Сыртқы істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктері басшыларының орынбасарлары мен лауазымды тұлғалары кірді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған баяндама жасады. Өз сөзінде ол балалар құқықтары бойынша омбудсмен мандатын нығайтудың, сапалы білім алуға, инклюзивті білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз етудің, балаларды зорлық-зомбылық пен ерте некеден қорғаудың, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың балаларын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Ұсынылған баяндаманың қорытындысы бойынша БҰҰ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын қолдау тетіктерін күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыруға назар аудара отырып, Қазақстандағы балалардың құқықтары саласындағы жағдайды жақсарту үшін қосымша ұсынымдар берді.
Бұл кезең еліміздің адам құқықтары саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайтудағы және балалар құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесінің тиімділігін арттырудағы маңызды қадам болды.