
Бүгін елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға және балалардың құқықтарын қолдауға бағытталған «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық акциясы басталды. Науқан жыл сайын 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін өткізіледі және аталған мәселеге назар аударуға бағытталған көптеген іс-шараларды қамтиды.
Бұл науқанның мақсаты – хабардарлықты арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою, балалардың құқықтарын қорғау болып табылады.
«Біздің басты міндетіміз – зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударумен шектелмей, әйелдерге, әсіресе балаларға қауіпсіз әрі қолдаушы орта құру. Әрбір бала қорқыныш пен қауіптен азат әлемде өмір сүруге лайық. Біз әрқайсыңызды аталған мәселеге бей-жай қарамауға және акциямызға қосылуға шақырамыз» – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Акция аясында түрлі іс-шаралар, соның ішінде флешмобтар, зияткерлік ойындар мен жастар ұйымдары мен ресурстық орталықтардың қатысуымен дебаттар жоспарланған. Сондай-ақ, қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық жұмыс жүргізіледі, ал іс-шаралар тақырыптың маңыздылығын кең аудиторияға жеткізу үшін көпшілік орындарда өткізіледі.