
2019 жылғы 30 сәуірде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Заңмен қайшы балаларға арналған қызмет пен тәсілдерді жетілдіру» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өткізеді. Іс-шара Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ұйымдастырылды. Семинар-кеңеске мүдделі орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, білім басқармасының мамандары, арнайы білім беру және ерекше режимде ұстайтын ұйымдардың директорлары, халықаралық және ұлттық сарапшылары, үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Іс - шараның мақсаты қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында заңмен қайшы балалардың құқықтарын қорғау саласында басымдықтарды талқылау, балалар мен олардың ата-аналарына қызмет көрсету тәсілдерін жетілдіру, мамандардың әлеуетін нығайту болып табылады. Жұмыс барысында семинар-кеңес қатысушыларына тиімді халықаралық тәжірибе мен кәмелетке толмаған құқық бұзушылармен жұмыс жүргізу әдістері ұсынылады, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтарының алдын алуы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері қаралады, сондай-ақ қауіп-қатер аймағында орналасқан балалары бар отбасылар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарын әзірлеу бойынша «ЮНИСЕФ» Балалар қоры әзірлеген жобаның аралық қорытындылары таныстырылады.