Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату жөніндегі алғашқы жаһандық министрлер конференциясы

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату жөніндегі алғашқы жаһандық министрлер конференциясы

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова Колумбиядағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату жөніндегі алғашқы жаһандық министрлер конференциясына қатысты. Іс-шара аясында Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстанның ілгерілеуі талқыланып, балалық шақты қорғау мәселелеріне баса назар аударылды.
Насымжан Оспанова 2024 жылдың 15 сәуірінен бастап кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын Заң күшіне енгенін атап өтті. Ол балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі тиімді саясатты қалыптастырудың негізгі элементі болып табылатын зорлық-зомбылық туралы деректер жүйесін нығайтудың маңыздылығын жеткізді.
Осы саладағы соңғы зерттеулердің бірі 2023 жылы ЮНИСЕФ қолдауымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаржыландыруымен жүргізілген "Kazakhstan Kids Online" болды. Оның нәтижелері ата-аналармен және балалармен ауқымды ақпараттық жұмыстарға, сондай-ақ онлайн-ортада балаларды қорғау бойынша практикалық шараларды әзірлеуге негіз болды.
Әкімшілік деректерді талдау негізінде денсаулық сақтау, сот төрелігі, білім беру және әлеуметтік қорғау сияқты негізгі секторларды қамтитын Мультисекторалдық іс-қимыл жоспары әзірленді.
Сонымен қатар, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары қабылданды және елдегі балалардың құқықтарының жай-күйін бақылауға көмектесетін балалардың әл-ауқатының индексі әзірленді. Бұл жұмыстың маңызды құралы дағдарыс жағдайларында отбасыларды анықтауға және оларды қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін отбасының сандық картасы болып табылады.
Сөз соңында Насымжан Оспанова барлық әріптестеріне қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның балалардың құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі күшейтуге дайындығын білдірді.