
«Балалар құқықтарының бұзылуын жою бойынша ведомствоаралық жедел шаралар қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мәртебесі мен үйлестіруші рөлін арттыру»
білім беру қызметкерлерінің
республикалық тамыз кеңесі шеңберінде
2020 жылғы 11 тамызда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті онлайн режимде (ZOOM платформасы) Facebook-тің (@bala.edu.gov.kz) ресми парақшасында 400-ден астам адамның қатысуымен «Балалар құқықтарының бұзылуын жою бойынша жедел ведомствоаралық шараларды қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мәртебесі мен үйлестіруші рөлін арттыру» атты республикалық семинар-кеңес өткізілді.
Республикалық семинар жұмысына «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Д.Б. Закиева, «Әйелдердің шығармашылық бастама лигасы» ҚБ басқарма төрағасы А.У. Хайруллина, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясының өкілдері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелері (мемлекеттік органдар), облыстар, қалалар мен аудандар әкімдерінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасарлары - Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағалары, облыстардың, қалалар мен аудандардың Комиссия хатшылары, Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттері директорларының орынбасарлары, білім басқармалары мен бөлімдерінің мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Семинарда «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Д. Б. Закиева отбасын қолдауды және балалардың құқықтарын қорғауды жетілдіру, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін шешу кезінде Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялардың функцияларын кеңейту бойынша жүйелі шараларды әзірлеу және енгізу туралы сөз сөйледі.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу жүйесіндегі ювеналды әділет рөлі туралы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының докторанты С. Е. Сахатова айтып берді.
Сондай-ақ, балалар мен жастарға арналған 150 ұлттық телефон қызметінің жұмысы туралы Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының басқарма төрағасы З.М. Байсақова бөлісті.
Комиссия хатшыларының жекелеген штаттық бірліктерін босату тәжірибесімен Тараз қаласы әкімінің орынбасары А. Қ. Садубаев баяндады.
Сонымен қатар, балалар құқықтарының бұзылуын жою жөніндегі Комиссиялар жанындағы мобильдік топтардың қызметі бойынша Ақмола облысының тәжірибесі зерделенді.
Семинар-кеңес барысында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясымен бірлесіп әзірленген балалардың қауіпсіздігі бойынша бейнероликтер көрсетілді («Балалардың үйдегі қауіпсіздігі», «Кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сату» әлеуметтік эксперименттері; «Буллинг» бейнеролигі).
Республикалық кеңестің қорытындысы бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мәртебесі мен үйлестіруші рөлін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірленді.