ҚР Оқу-ағарту министрлігінде балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігінің сақталуы талқыланды

ҚР Оқу-ағарту министрлігінде балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігінің сақталуы талқыланды

Күні кеше мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша республикалық кеңес өтті. Оған Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің, Мектепке дейінгі білім беру департаментінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Балаларды ерте дамыту институтының өкілдері, сондай-ақ Қазақстандық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастықтарының құрылтайшылары қатысты.

Қатысушылар қауіпсіздіктің негізгі аспектілерін, оның ішінде балаларды қорғаудың заманауи тәсілдерін, зорлық-зомбылықтың алдын алуды, қызметкерлердің жауапкершілігін және педагогикалық этиканы сақтау туралы пікір алысты. Мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттырудағы бизнестің рөлі мен ата-аналардың ортақ жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы мектепке дейінгі ұйымдарда қауіпсіз орта құрудың маңыздылығына тоқталды.

«Мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Біз әрбір баланың құқығын қорғап, оның әл-ауқатына қауіп төндірмейтіндей жағдай жасауымыз керек. Мемлекет, бизнес және ата-аналар арасындағы ынтымақтастық балаларымыздың қауіпсіздігі үшін жайлы орта құруда негізгі рөл атқарады. Әрбір ересек адамның осы үдерістегі өзінің жауапкершілігін түсінуі маңызды», - деп атап өтті Насымжан Оспанова.

Кездесу нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдарда қауіпсіздік шараларын күшейту және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ұсынымдар әзірленді.