ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРҒА ДАЙЫНДЫҚ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАРЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРҒА ДАЙЫНДЫҚ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАРЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

25-29 қыркүйек аралығында өткен оқу-жаттығуға 7700-ден астам мектеп, 3 млн оқушы және 550 мың мектеп қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында ішкі істер, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау органдары тарапынан ТЖ туындаған жағдайда әрекет ету ережелері, шұғыл медициналық көмек көрсету жолдары түсіндірілді.

Сондай-ақ, жеке күзет ұйымдары қызметкерлерінің жедел әрекет етуі мүмкіндіктері тексерілді. Айта кетейік, ұсыныстарға сәйкес күзет ұйымының жедел әрекет ету тобының келу уақыты 8-10 минутты құрады.

Оқу-жаттығудың ұйымдастырылу барысын қадағалау үшін Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілдері мектептерге арнайы барды. Төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларға жедел ден қоюға бағытталған оқу-жаттығулары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Бұдан бөлек, төтенше жағдай туындаған сәтте дұрыс әрекет ету жолдары сипатталған көрнекі алгоритмдер әзірленіп, білім беру ұйымдарының ресми сайттарында және түрлі білім беру платформаларында орналастыру үшін жолданды.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша Министрлік террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты жаңарту жөнінде шешім қабылдады.