Білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі еліміздің 20 өңірінде алғаш рет жаңа форматта «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» деген атпен өтті.
Бүгін Алматы қаласында педагог қызметкерлердің жыл сайынғы тамыз конференциясында қатысушылар Қазақстандағы балалардың әл-ауқатын арттыру мәселелерін талқылады. Кездесуде Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова, мемлекеттің барлық дерлік стратегиялық құжаттарында балалар басты рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі елде балаларға қаншалықты жақсы деңгейде қамқорлық жасалып жатқанын көрсетеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы сәйкес 2022 жылдан бастап Қазақстанда балалардың әл-ауқатының индексі жұмыс істей бастады. Аталған индекс Қазақстандағы өңірлік және халықаралық әл-ауқат индекстеріне қатысты көрсеткіштерді таңдауға әрі салыстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл қоғам мен мемлекеттік органдардың назарын балалардың мәселелеріне аударудың бірегей мүмкіндігі», - деп жеткізді Насымжан Оспанова.
Аталаған индекске «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат», «Елдің әл-ауқаты» сияқты 4 бағыты бойынша 56 индикатор кіреді. Мәселен, сарапшылар 300-ден астам әртүрлі индикаторларды ұсынды, олардың ішінен ел үшін ең маңызды және балалардың әл-ауқатына әсер ететін 56 индикатор таңдалды. Бұл индикаторлар баланың физикалық, психологиялық денсаулығын және баланың өзгелермен қарым-қатынасынмен жеке дағдыларын бағалайды. Сондай-ақ, денсаулық сақтаудағы мемлекеттік саясатпен білім беру қарастырылады.
Бұдан бөлек, тамыз конференциясында Насымжан Оспанова Қазақстандағы балалардың әл-ауқаты индексінің пилоттық режимінің қорытындылары мен нәтижелерін хабарлады. Оның сөзінше, бұл өңірлер мен әкімдіктің және әкімнің рейтингі. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ұлттық статистика бюросының бастамасымен балалардың әл-ауқатының интерактивті картасы жасалғанын мәлімдеді.