
Бүгін ҚР Оқу-ағарту Вице-министрі Еділ Оспан Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы кейбір ведомствоаралық мәселелер бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Вице-министрдің төрағалығымен өткен зум-конференцияға ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Закиева Динара, өңір әкімдерінің орынбасарлары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, Оқу-ағарту министрліктерінің өкілдері қатысты.
Конференция барысында инклюзивті білім беруді дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары қаралды, сондай-ақ, мектептерде қауіпсіздік сабақтарын енгізу бойынша ұсыныстар талқыланды. Одан бөлек, спикерлер 1000 ауыл үшін жылдам салынатын спорт кешендерінің ашылуы туралы баяндады.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері балаларға қызмет көрсететін және жөндеуді қажет ететін нысандарды түгендеу, өңірлерде психологиялық көмек көрсету орталықтарын ашу туралы айтып берді.
Жиын соңында Оқу-ағарту Вице-министрі әкімдердің орынбасарлары мен білім басқармасына балалардың құқықтарын қорғауға қатысты барлық мәселелер бойынша жедел әрекет етуді тапсырды.