Балалар жылы аясында және Дүниежүзілік балалар күні қарсаңында ағымдағы жылдың 15 қыркүйегі мен 18 қарашасы аралығында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен «Тарихи шежірем. Менің тегімнің тарихы» республикалық конкурсы өкізілді.
Байқаудың мақсаты - оқушыларды тарихты зерттеуге тартуға көмектесу, жауапты дүниетанымды қалыптастыру, отбасылық құндылықтарға ұқыпты қарау, талантты оқушыларды анықтау және ынталандыру.
Байқау үш кезеңде өтті: аудандық/қалалық, облыстық және республикалық. Конкурс жұмысына республика мектептерінің 8-11 сыныптарының 7 мыңнан астам білім алушылары қатысты.
Байқау барысында оқушылар шығармашылық презентация, қатысушының отбасының тарихы мен шығу тегі туралы портфолио, «Менің ата-бабаларым-менің кейіпкерлерім!» атты үй тапсырмасын көрсетті. Байқауды кәсіби қазылар алқасы бағалады.
Конкурс қорытындысы бойынша Түркістан облысы Арыс қаласының С.Қожанов атындағы орта мектебінің оқушысы Самархан Есет жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықпен және Комитет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, республикалық конкурстың барлық 80 қатысушысы грамоталармен марапатталды.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті барлық қатысушыларға және ата-аналарға аталған іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіреді.