
Бүгін, 20 қазанда Алматы қаласында «1980 жылғы 25 қазандағы Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы Гаага конвенциясын практикада қолдану» атты екі күндік халықаралық семинар өз жұмысын бастады.
Семинар Қазақстандағы Балалар жылы аясында ҚР Оқу-ағарту министлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Н.Оспанованың, Алматы қалалық сотының судьясы Ж.Кәрібаевтың қатысуымен ұйымдастырылды.
Халықаралық семинарға сот қамқорлығы және балаларды ұрлау мәселелері бойынша спикерлер ретінде Гаага халықаралық және жеке құқық конференциясының, функцияларына қамқоршылық мәселелеріндегі халықаралық даулар кіретін Германияның Федералды Әділет ведомствасы сарапшылары шақырылды.
Семинар балаларды қорғауды қамтамасыз етуді халықаралық ауқымда талқылау, сондай-ақ балаларды көшіру немесе ұстап қалудың заңсыз салдарларынан азаматтық-құқықтық мәселелерді реттеу мақсатында өткізіледі.
Семинар барысында спикерлер баяндамалар жасап, келесі мәселелерді талқылайды:
- 1980 жылғы 25 қазандағы Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы Гаага Конвенциясының ерекшеліктері;
- қамқоршылық мәселелері бойынша сот процедуралары мен балаларды ұрлауға қатысты сот процедуралары арасындағы айырмашылығы;
- ҚР соттарының құқықтық көмек көрсетуінің проблемалық және өзекті мәселелері;
- балаларды ұрлау туралы халықаралық істерді қарау кезінде баланы тыңдау және т.б.
Халықаралық семинар жұмысына ҚР Жоғарғы сотының, Оқу-ағарту, Ішкі істер, Әділет министрліктері, республика өңірлерінің қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторлары қатысуда.