ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жыл басынан орын алған қайғылы оқиғалар барысында Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, азаматтарға балалардың құқықтарының бұзылуымен байланысты проблемаларды шешуде жедел көмек көрсетті.
Аталған фактілерге жедел әрекет ету үшін Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің шұғыл желісі 24/7 режимінде ұйымдастырылды.
2022 жылғы 5-14 қаңтар аралығында азаматтардан 1787, оның ішінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 272 (15%) хабарлама келіп түсті. Азаматтар балаларға байланысты түрлі мәселелер мен жағдайларды шешу бойынша өтініш білдірді. Фактілердің ішінде: балалардың басқа өңірлерде болуы және оларды эвакуациялау бойынша көмек көрсету, балалардың қараусыз үйде болуы, инсулинге тәуелді және онкологиялық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері орын алды.
Сондай-ақ, өзге өңірлерден келген балалардың блокпост арқылы жол жүруін ұйымдастыру, мектепке дейінгі және қосымша білім беретін жеке ұйымдардың жұмысы, ҰБТ өткізу және т. б. мәселелер көтерілді.
Осы кезеңде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 117 ұйымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар тәрбиеленушілерге дәрі-дәрмектер мен азық-түліктерді үздіксіз жеткізу мәселесі Комитеттің ерекше бақылауына алынып, мекеме әкімшілігімен күнделікті байланыс орнатылды. Балалар үйінің 4 мың тәрбиеленушісінің ешқайсысы зардап шекпеді.
Алматы және Жамбыл облыстарының аумағындағы таулы жерлерде орналасқан сауықтыру лагерлерінде және спорттық іс-шараларда төтенше жағдай кезінде болған балаларға жедел түрде көмек көрсету бойынша шаралар қабылданды. Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және ата-аналармен байланыс орнатылып, оларға балалардың жағдайы туралы хабарланды әрі кәмелетке толмағандардың тұру мерзімі ұзартылып, тамақтануы ұйымдастырылды. Балалар қауіпсіз және ересектердің бақылауында болды. Кезең-кезеңмен балалар үйлеріне қайтарылды. 100-ден астам балаға көмек көрсетілді.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қызметінің қолдауымен Түркия Республикасының Стамбул қаласынан балалар футбол командасының, сондай-ақ Түркияға Майами қаласынан (АҚШ) транзитпен келген қазақстандық «Барыс» хоккей командасының 15 баласын Қазақстанға қайтаруға көмек жасалды.