Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен "AYALA" қайырымдылық қоры арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды. Меморандум шеңберінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында «кәсіптік бағдарлау» жобасы шеңберінде бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылады.
Жоба аясында оқушылар үшін сайт әзірлеу, визаж, бейне-блогинг және журналистика бойынша арнайы курстар ұйымдастырылады. Сонымен бірге, кәсіби шеберханалар ашылып, математика, физика және химия пәндерінен оқуға түсу тестілерін тапсыруға дайындық бойынша көмек көрсетіледі.
«Тәжірибелі мамандарды оқыту процесіне тарту – жасөспірімдердің мамандықтар әлемі, еңбек процесінің сипаты мен ерекшеліктері туралы түсініктерін айтарлықтай кеңейтеді. Барлық балаға, әсіресе жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға өз ісінің мамандарымен байланыс орнатудың маңыздылығы зор. Бұл балалардың өзін-өзі дамытуға деген қызығушылығын оятудың ең жақсы тәсілі», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.
Биыл жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың 9 және 11 сыныптарында білім алған 500-ден астам түлек мамандық таңдайды. Осы ретте оқушыларды кәсіби бағдарлау мәселелерінде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне саналы түрде мамандық таңдау үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.