«Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны

«Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн»  ұлттық ақпараттық науқаны

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі – Комитет) еліміздің барлық өңірлерінде Дүниежүзілік балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес күні шеңберінде жыл сайын «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны өткізіледі.

Ақпараттық науқанның мақсаты-балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің проблемасы және оның бала мен қоғам үшін салдары туралы қоғамның хабардарлығын арттыру.

Балалар еңбегін пайдалану мәселесі әлемдік кеңістікте өте өзекті. Халықаралық еңбек ұйымының ақпараты бойынша бүкіл әлемде 5 пен 17 жас аралығындағы 218 миллион бала жұмыс істеуге мәжбүр. 152 миллион қазіргі құлдықтың құрбаны, ал олардың 73 миллионы қауіпті еңбекпен айналысады.

2021 жылы ұлттық науқан шеңберінде республика бойынша 11 мыңнан астам ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді, 6,5 мыңнан астам рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды, олардың барысында 9,5 мыңнан астам объектілер (базарлар, автожанармай құю станциялары, құрылыс алаңдары) тексерілді, олардың ішінде 4 бала еңбегіне тартылған кәмелетке толмағандар анықталды.

Ұлттық науқан іс-шараларымен барлығы 770 мыңнан астам кәмелетке толмаған және 330 мың ата-ана мен жұмыс беруші қамтылды.

Іс-шаралар қорытындысы бойынша 6 мыңнан астам мақала жарияланды және балалар еңбегін пайдалануға жол бермеу мәселелері бойынша 80-нен астам телебағдарлама ұйымдастырылды.

Балаларды еңбекке заңсыз тартудың анықталған фактілерінің нәтижелері бойынша жұмыс берушілермен және кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жұмыс жүргізілді.

Комитет Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес он төрт жасқа толған оқушыларға оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын, еңбек шартын жасасқан жағдайда жұмысты орындауға рұқсат етілетінін еске салады.

Еңбек шарты кәмелетке толмаған адаммен, сондай-ақ ата-анасымен, қорғаншысымен, қамқоршысымен немесе асырап алушымен жасалады.

Бұл ретте он сегіз жасқа толмаған оқушылар үшін: он төрттен он алты жасқа дейін – аптасына 24 сағаттан аспайтын, он алтыдан он сегіз жасқа дейін – аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.