
2021 жылғы 17 мамырда Қазақстан балаларының әл-ауқат индексін (бұдан әрі – Индекс) бағалау әдістемесінің жобасын талқылау бойынша кезекті отырыс өтті.
Бүгінгі талқылау үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен өтті. Үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі болып табылады және мемлекет пен халық арасындағы диалогта үлкен рөл атқарады. Үкіметтік емес ұйымдар сонымен қатар мемлекеттік саясатты қалыптастыруда негізгі рөл атқарады.
Аталған талқылауға білім беру саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның, «Әкелер Одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және басқалар шақырылды.
Бірінші кезекте Хамбар Бақытгүл талқылауға қатысушыларды Индексті есептеу үшін ұсынылатын индикаторлардың тізімімен таныстырды.
Құқық докторы, Ұлттық үйлестіруші, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі білікті жаттықтырушысы Халида Әжіғұлова буллинг және кибербуллинг мәселелерін қозғады. Сондай-ақ, ол мектептегі тамақтану сапасына, қоғамдық көліктің қауіпсіздігіне, мектеп дәретханаларына алаңдайды. Х.Әжіғұлова балалар арасында фокус-топтар өткізу арқылы балалардың пікірін ескерудің маңыздылығына назар аударды.
Балалардың пікірін ескеру сол арқылы жүзеге асырылатын әлеуметтік бағдарламалар мен олар үшін көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттырады, сондай-ақ белгілі бір баланың әл-ауқатын бағалауға көмектеседі.
Әлеуметтік зерттеу балалардың проблемалық аймақтарын, қызығушылықтары мен мүмкіндіктерін анықтауға мүмкіндік береді, бұл болашақта балалар мен балаларды қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты түзету туралы шешім қабылданады.
Ботагөз Ахметова, И.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері, жекелеген ауылдық өңірлердегі таза суға қол жеткізу проблемаларын атап өтті. Сондай-ақ, ол құқық қорғау органдарында есепте тұрған балалардың проблемасын атап өтті.
«Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» филиалының директоры Ілияс Әділбаев Индексті балаларды қорғау тетіктері бойынша доменмен толықтыруды және оған тиісті индикаторларды әзірлеуді ұсынды.
Индекс жобасын талқылауға Қарағанды қаласындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Татьяна Савицкая белсенді қатысты. Ол таныстырылымды жоғары бағалады және көшпелі әлеуметтанушылық зерттеулерді ескеруді ұсынды.
Талқылау барысында қоғам белсендісі Эльвира Ватлина индикаторларды тұжырымдау бойынша кейбір ескертулер берді және ол әлеуметтанушылық сауалнама әдіснамасына қызығушылық танытты.
«Әкелер Одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Мақсұтбек Айтмағанбет балалардың физикалық және психологиялық денсаулығына, жолдардағы қауіпсіздікке, мектеп дәретханаларына және басқа да маңызды көрсеткіштерге қатысты өзекті индикаторларды қолдануға назар аударды.
Сонымен қатар, онлайн кездесу барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, 3 ауысымды оқытатын мектептерге, шала туған балаларға қатысты мәселелер көтерілді.
Талқылау белсенді өтті және кездесу соңында ұсынылған Индекс индикаторлары бойынша жақсы ұсыныстар алынды. Қатысушылардың барлық сұрақтарына толық жауаптар берілді.
Индексті есептеу бойынша жүргізілген зерттеу балалардың өмір сүру сапасын бағалауға, балалардың әл-ауқатының болжамды деңгейін өлшеуге мүмкіндік береді.