
Бүгін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылованың төрағалығымен онлайн режимде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшыларымен, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың өкілдерімен кезекті кеңес өткізілді.
Бибігүл Амангелдіқызы балалар үйлері директорларының назарын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбиеленушілердің құқықтарын сақтау және оларға қатыгездікпен қараудың алдын алу бойынша шараларды күшейту қажеттілігіне аударды.
Сонымен қатар, жазғы демалыс қарсаңында әрбір балалар мекемесінің бірінші кезектегі міндеті балалармен орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың, жарақаттанудың алдын алу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық шараларды сақтау болып табылады.
Оқу жылының аяқталуымен бірге түлектер үшін маңызды әрі нәтижесін асыға күтетін оқиғалардың бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру жақындап келеді.
Осы жауапты кезеңде балаларды негізгі емтиханына дайындау үшін қажетті жағдайлар жасау, шиеленіс пен мазасыздықты азайтуға көмектесу, моральдық қолдау көрсету өте маңызды.
Кеңесте балалар үйлерінің директорлары бітіруші сыныптарда оқитын тәрбиеленушілердің ҰБТ-ға дайындығы, балалардың байқау тестілеуіне қатысуы, қосымша сабақтар және болашақ мамандығын таңдау туралы айтып берді.
Кеңес қорытындысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау және олардың құқықтарының бұзылуының алдын алу жұмыстарын жетілдіру бойынша ұсынымдар қабылданды.