Кәмелетке толмаған балалар Сириядан Қазақстанға оралды

Кәмелетке толмаған балалар Сириядан Қазақстанға оралды

«Жусан-5» гуманитарлық операциясы аясында Сириядан тағы 7 кәмелетке толмаған бала қайтарылды. Олардың ең үлкені 11 жаста, кішісі бір жарым жаста. Сириядан келген екі бала жетім.

«Келгеннен кейін балалар Маңғыстау облысының провизорлық орталығына орналастырылды, онда геномдық сараптама жүргізу үшін бастапқы медициналық тексеру және қан алу ұйымдастырылды. Мұнда балалардың тұруы мен тамақтануы үшін жағдай жасалған. Психолог кабинеті, демалыс бөлмесі және балаларға арналған ойын бөлмесі дайындалды. Білім және ғылым министрлігі «KZ» қорының қолдауымен балаларға жалпы сомасы 1,5 млн.теңгеге жылы киім, күнделікті киім, бірінші кезекте қажетті заттар сатып алды», – деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.

Екі жетім бала туыстарының отбасына орналастырылды, қалған 5 бала анасымен бірге тұрғылықты жері бойынша оңалтудан өтеді.

Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Балалар әлеуметтік оңалтудан өтеді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы бойынша балалармен кәсіби психологтар, репетиторлар және бастауыш сынып мұғалімдері жұмыс істейді. Оңалту шараларынан кейін кәмелетке толмағандар білім беру ұйымдарына орналастырылады.

Естеріңізге сала кетейік, Сириядағы соғыс аймақтарынан қазақстандықтарды қайтару бойынша «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүргізілуде. 2017-2020 жылдар кезеңінде террористік белсенді аймақтардан Қазақстанға 500-ден астам бала қайтарылды.